Елімізде жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Тағы бір қуанышты жаңалық, жылыжай шаруашылығына қажетті заттар Түркістан облысында шығарылады. Түркістан облысына қарасты Келес ауданы, Ораз ата елді елді мекенінде орналасқан «Келес Пласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қайта өңдеу цехында пленка, пресс жіп, жылыжайға арналған қысқыш, көшет өсіруге арналған стакан өнімдері шығарылады. Жергілікті тұрғын Нұржан Умаров жетекшілік жасайтын кәсіпорында жылыжай шаурашылығына қажетті заттар шығарылып, шаруалар арасында сұранысқа ие болып отыр. Жобаның жалпы құны – 150 млн. теңге. Кәсіпкер өз қаражаты есебінен 127 млн. теңге жұмсаса, ал несие қаражаты есебінен 23 млн. теңге алып, жобаны жүзеге асырған. Кәсіпорын 2018 жылы қолданысқа берілген. Кәсіпкердің қадамын жоғары бағалап, отандық өнімдерді көбейту – уақыт талабы екенін айтушылар көп. Біртілек ауылдық округі аумағында орналасқан «Оразов Ермахан» шаруа қожалығы да бүгінде табысты еңбек етіп келеді. Ашық егістік жерден жылына 2-3 рет көкөніс өсіретін және жылыжай шаруашылығымен де айналысатын шаруа қожалығының басшысы Сейдахмет Бижігітов 6 гектар аумаққа қырыққабат, дәндік жүгері, жоңышқа, қияр сынды өнімдерді өсіріп, 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жобаның жалпы құны – 9 млн. теңге. Бір жылда 820 тонна көкөніс өсіріледі. Отандық өндірушілерді қолдау барынша қолға алынған.