Мақтааралдық өнімнің 80 пайызы шет мемлекеттерге экспортталды Биылғы науқанда Түркістан облысы Мақтаарал ауданының шаруалары табысты аяқтады. Аудан шаруалары өз өнімдерін еліміздің ішкі нарығымен қатар, экспортқа шығарды. Науқан кезінде қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартып жатты. Биыл диқандары14607 гектар жерге бақша дақылын еккен. Оның ішінде 3332 гектар жерге пленкалы қауын, 362 гектар жерге пленкалы қарбыз, 10643 гектар жерге ашық қауын және 270 гектар жерге ашық қарбыз еккен болатын. Сол өнімді шашау шығармай, Қазіргі бақшадан жалпы көлемі 200 мың тоннаға жуық қауын-қарбыз өнімінің 80 пайызы шет мемлекеттерге экспортталды. «Жиенбет», «Валеть» сияқты сорттарының дәмі тіл үйіреді және тасымалдауға төзімді. Яғни, ұзақ жолға бейімделген. Көлемі де ыңғайлы, бір қорапқа 6-7 қауын сыяды. Дәмі тіл үйіретін жаңа сорттардың арқасында соңғы жылдары мақтааралдық диқандар үлкен табыс тауып, күллі Ресей мен Еуропаның нарығын жаулап алды. Сондай-ақ, бәсекелестік ортада жерлестеріміз Өзбекстан мен Түркіменстан елдеріне де дес бермей келеді. Науқан кезінде Мақтаарал ауданының кіреберісіндегі логистикалық орталық жүк көліктеріне лық толады. Еуропадан және басқа да елдерден келген кәсіпкерлер үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, қонақ үй, кафе, автотұрақ, бассейн кешені, қосалқы бөлшек дүкені және көкөніс сақтау қоймасынің қызметтері қарастырылған.