Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының тұрғыны Нышанкүл Қайыпжанова өзі нәзік жанды болса да, тайсалмай шаруа қолын игеремін деп тәуекелге барғандар қатарында. Ол жұмыспен қамту бағдарламасы аясында мемлекеттің қайтарымсыз грантын жеңіп алып он қоймен кәсібін бастап кеткен. «Қой бағуды қолға алғанға дейін мен жасамаған кәсіп қалмаған. Барлық кәсіптің басында болдым. Саудамен айналысып, қара базарға да шықтым. Тігінші, есепші болдым. Алайда көңілден шықпайтын, қанағаттандырмайтын жұмыстар еді барлығы. Ауданда мен сияқты жұмыссыз аналар көп. Жұмыссыздықты азайтып, қолыңа кәсіп беріп, қолдау білдіріп отырған мемлекеттің мүмкіндігін неге пайдаланбасқа дегім келеді? Мысалы өз орнымды табу жолында қаншама қиыншылықтарды бастан өткердім емес пе?! Оңай болмады. Жолдасымның мүгедектігі бар. Алланың берген 5 баласын бағу үшін жан бағып келеміз аянбай. Ізденген құр қалмайды ғой. Мен бастысы ынта, жігер, ниет болды. Сүрінбедім, жыламадым, құламадым деп айта алмаймын. Әйтеуір бір жерден бір кәсіпті қолға аламын, түбінде өзіме — өзім жұмыс жасаймын деген ішкі ойым, әу бастан болғанын жасырмаймын. Соған қарай әрекет жасадым. 2016 жылдан бастап грант туралы естігенмін. Бірақ өтініш білдіру, құжат дайында деген ойлар бірден ойыма келмеген. Расын айтсам, жолын білмедім. Қанша уақыт өткен соң, ізденіп сұрап, зерттеп барып келдім мұндай шешімге. Осы тұста жұмыспен қамту орталығының жасаған көмегі орасан. Қызметкерлері «Еңбек» бағдарламасы туралы айтып, жіті түсіндіріп, бизнес жоспар жасауыма да ақыл кеңестерін аямады. Нәтижесінде грант иегері атандым. Жалқау жата берсем дейді. Ал мен алға қарай өсуді ойлаймын» ,- деді кәсіпкер. Қазақстанда мал шаруашылығының өркендеуіне жайылым жер мен мол шабындық жердің үлесі зор. Құдайға шүкір, елімізде аталмыш саланы дамытуға жер же¬теді. Жеріміз бай, даламыз құнарлы, мал өсіруге өте қолайлы. Осыны пайдаланған біздің кейіпкеріміз мал санын көбейтіп, ет өнімдерін өткізіп әжептеуір табысын ұлғайтқан. Кезінде арзымайтын жалақымен таң атқаннан, күн батқанға дейін үй бетін көрмей қызмет еткен Нышанкүл кәсіпкердің, қазіргі айлық табысы 400 мыңға жуық. Ол осы кәсіппен шектеліп қана қоймай болашақ жоспарларының да бар екенін алға тартты. Мал бордақылау алаңына қоса, жүн түтуді қолға алсам дейді шаруа иесі. Ол үшін арнайы аппарат сатып алу керек. Сондықтан болашақта тағы да мемлекеттің грантына қатысуға ниетті екенін айтты. «Жобамды қолдап жатса, осы ойымды іске асырамын» дейді,- көп балалы ана -Біз қазір малды бордақылап сатып жатырмыз. Өкінішке қарай, сол адал малдың жүнін түгелдей қоқысқа тастаймыз. Өйткені оны сақтағаннан пайда жоқ. Біріншіден көп тұра берсе жағымсыз иіс шығады. Одан қалса піте басып кетеді. Сондықтан оны қоқысқа тастаудан басқа амал жоқ. Егер кәдеге жарата білсең, пайдаға жарайтын, денсаулыққа пайдалы таза өнім ғой ол. Енді ойлаңызшы дәстүрімізді дәріптеп, өзіміздің таза табиғи жүннен қаншама дүниелерді шығаруға болады емес пе!? Денсаулыққа пайдалы, сапалы матрастар, көрпе, көрпешелерді осы жүнді өңдеп тұрып жасағанға не жетсін…? Қытайдың барлық дүниелерін қолданып келе жатырмыз. Ақшасы да аз емес. Ал бұл кәсіпті өзіміз жасасақ әлдеқайда бағасы да арзан болады ғой. Оның сапасын мен айтпасам да көпшілік жақсы біледі. Сол үшін менің ендігі ойым осы малдың жүнін пайдаға асырсам нұр үстіне нұр болар еді. Бар нәрсені өңдей алмай, қажетсіз деп тастап жатқанымыз жанға бататыны жасырын емес. Әуелі бұл сала ме¬нің сүйік¬ті ісім және ел экономи¬касы¬на қос¬қан тамшыдай үлесім,- дейді. Мемлекеттің тиімді қолдауын тауып, «Еңбек» бағдарламасына қатысып өзіне жұмыс тапқан көпбалалы ананың болашақ ойлары жарқын. Осы кәсіпке деген ерекше құлшынысын да байқауға болады. Ата кәсіпті қолға алушыларға да, болашақта мал шаруашылығымен айналысамын деушілерге, кәсіпкердің бұл ісі үлгі тұтарлықтай деп білеміз. Кәсіпкердің шаруашылығы алға жылжып, елімізде мал басы көбейе берсін.