Ақ алтынның отаны саналатын Түркістан облысында бүгінде мақта жинау науқаны қызу жүргізілуде. Жеңілөнеркәсіпте аса сұранысқа ие өнімнің бәсі де жоғары. Жалпы, Түркістан облысы бойынша 126 мың Га мақта егілсе, бүгінгі күнге қамбаға 290 мың тонна мақта жиналған. Былтырғы жылмен салыстырғанда 16 мың Га артық егілген. Жылдың соңына дейін мақта алқаптарынан 330 мың тонна ақ алтын жинау көзделуде. Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданы, Төрткөл ауылындағы “Нұр-Агро 73” ЖШС мақта зауытында мақта 370 теңгеден қабылдана бастады. Ордабасы ауданының әкімдігі, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы мен аталған зауыт басшылығы мақта бағасына қатысты қалыптасқан жағдайды ескеріп, зерттеулер мен зерделеулер жүргізіп барып осындай шешімге келді. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы бойынша 2022 жылы 7 122 Га алқапқа мақта дақылы егіліп, өткен жылмен салыстырғанда (6885 Га) 237 Га артып отыр. Атап айтар болсақ: Қарақұм а/о — 317 га, Жеңіс а/о — 920 га, Бөген а/о — 1500 га, Төрткөл а/о — 4385 га. Негізінен бірінші репродукциялы “Карло”, “Эдесса” және екінші репродукциялы “Сұлтан”, “Түркістан” мақта тұқымдары егілген. Қазіргі таңда мақта дақылының 5 320 Га теріліп, 16 мың тоннаға жуық өнім жиналды.