Кәсіп бастасаң қай салада да нәсіп бар. Тек көзін таба білсең болғаны. Бүгінде екінің бірі темір тұлпар тақымдап жүр. Темір тұлпарын сәндеп, әсем болуы үшін арнайы авточехолдар сатып алушылар да басым. Тіпті ұлттық нақышта, қазақы ою өрнекпен сәндеп тігіп беретіндер де баршылық. Түркістан облысына қарасты Жетісай қаласында авточехолдарды шебер, қалауыңызға қарай тігіп беретін Жазира есімді ісмер ханым бар. Кәсіптің көзін тапқанша Жазира Артықова біраз жзұмыстың басын шалғаны бар. Алдымен медициналық колледжді бітірген соң 4 жыл дәріханаларда фармацевт болып қызмет істеді. Алайда, мардымсыз жалақысы ештеңеге жетпеген соң қиналып қалатын кездері аз болмайтын. Өйткені, жалғызбасты ана ретінде екі балапанының қамқоршысы да, шаңырағының тірегі де өзі, ананың да, әкенің де орнын жалғыз өзі басып отыр. Сенетін ешкімі жоқ. Ұзақ ойланып барып, бір шешімге келу керектігін түсінді. Жазира жас күнінен үй шаруасына икемді, қызыққан нәрсесін тез үйреніп алатын елгезек қыз болатын. Еңбек сабағында да ұстаздарын қолынан шыққан оюлы әдемі кесте, тігісі жатық құрақ көрпешелерімен таңғалдырып қоятын. Кейін құрбы, достары «тігін цехын ашып ал» деп кеңес те берген болатын. Жақындарының жақсы кеңесі құлаққа жағымды болғанымен оны орындауға күшім жетпейді, ақшам да жоқ деп күрсінді де, күнделікті күйбең тіршілігімен айналысып жүре берді. Күндер жылжып өтіп жатыр. Балапандары өсіп келеді. Жеке баспаналары да жоқ. Кейде шайлығына жетпей қалатын жалақымен таңнан кешке дейін уақытының көп бөлігін босқа өткізіп жүргеніне көзі жетті. Тігінмен айналысуды шешті. Өзінің ескі тігін машинасы бар еді. Ол машинамен көрші-қолаң, таныстардың перделерін қысқартып, көйлек-шалбарларын ретке келтіріп беріп, нәпахасын айырып жүрді. Бір жолы ет жақын туысы «көлігімнің чехолы әбден ескірді, жаңасын тігіп берші» деп матасын әкеліп берген. Жаңа идея осы жерде келді. Әсем етіп тігіп бергенде, машинасына төсеп, мәз-мейрам болып, алғыс жаудырғаны Жазираға да жылы әсер етті. Міне, авточехол тігумен айналысамын деген ойы да сол кезден басталған. Өзіне ұнайтын осы кәсібін ары қарай дамытуды күндіз-түні ойлап жүргенде, ақыры бір түбірлі шешімге тоқталды. Уақыт оздырмай, Түркістан облысы, Жетісай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, кеңес сұрады. Құжаттарын тапсырды. Кәсіп бастауға да тыңғылықты даярланып, Жетісайда 3 ай тігіншілік курсты оқыды. Сонымен, көптен күткен сәт келіп, Жұмыспен қамту орталығы арқылы жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттың 550 мың теңге ақшасы қолына тиді. Мемлекеттің бұл қолдауы жас тігіншіге жігер беріп, кәсібін сенімді түрде бастап кетті. Алдымен шетелде шығарылған жақсы тігін машинасын сатып алды. Барлық қолжетімділігі бар тігін машинасы өзіне де қатты ұнаған. Ендігі кезекте Жетісайдың орталығындағы көшелердің бірінен жалға орын алды. Тедди, Энигма, Латте деген мата түрлерін сатып алып, авточехолдарын тігіп, алғашқы сатылымға шығара бастады. Уақыт өткен сайын тұтынушылары да көбейіп келеді. Қазір сауда жасауға әлеуметтік желілер жақсы болды гой. Инстаграмнан бизнес парақшасын да ашып қойды. Оның да кәсібіне біршама көмегі бар. Матасының сапасына қарай авточехолдардың бағасын 60 мың теңгеден бастап, одан жоғарыға бағалайды. Чехол тігу де оңай шаруа емес, тиянақтылықты, ептілікті қажет ететін шаруа. Бір чехолды тігуге 2 күн уақыт кетеді екен. Ұқыпты тігілген әп-әдемі чехолдар қолдарына тиген тұтынушылар машиналарының бүтінделіп, жаңарып қалғанына қуанып, алғыстарын айтып жатады. Ұсынақты шебердің қолынан шыққан дүние тұтынушылардың көңіліне жағып, сатып алушылары да күннен күнге көбейіп келеді. «Қазір бір көмекшім бар. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, тағы да жұмысшылар алсам, жеке жұмысқа арналған жай салып алсақ деген жоспарым бар. Маған алға тоқтаусыз жылжуыма, жақсылыққа талпынуыма қос ұлым, көзқуаныштарым, бар үмітім Қуанышым мен Елдосым күш береді. Менде уайымға салынып, пайдасыз істерге көңіл бөлуге уақыт жоқ. Қос қанатым тұрғанда уақытты мәнсіз өткізуге қақым жоқ әсте. Тек даму, алға жылжу, бір орында тоқтап қалмау керек деген ойға бекініп, кәсібімді жасап жатырмын. Адал кәсібімнің барына, маңдай термен тапқан ырзығымыздың барына шүкіршілік етемін. Жаратушымыз шүкір еткен сайын арттырады екен» деп Жазира ойын түйіндеді. Оған ақ ниетімізді білдіріп, кәсібіңе береке берсін дестік.