600 мыңға жуық қайтарымсыз грант алып, кәсіптерін кеңейтті Ас атасы нанға деген сұраныс ешуақытта да төмендемейтіні анық. Ал тандыр пеште піскен нанға деген сұраныс тіптен көп. Бүгінде заманауи пеште пісірілген наннан көрі тандыр пештің нанына деген сұраныс зор. Тандыр нанды пісіру бар да, оны пісіретін пешті жасап шығу бар. Тандыр пешті жасау да ыждағаттылықты қажет ететін бейнеті мол шаруа. Түркістан облысының Келес ауданы, Абай ауылында тұратын бұл кейіпкеріміз, көпбалалы ана Бибігүл Абдуллаева отбасымен тандыр пеш жасап, оны сатумен айналысады. Тапдыр пешке деген сұраныс та жоғары. Мұндай кәсіппен айналысуларына аталарынан көріп-түйіп, үйренгендері әсер еткен. Аталары осындай кәсіппен ертеректе айналысып, балаларының нанын тапқан екен. Атакәсіпті дамыту жайын отбасымен кеңескен Б.Абдуллаева еңбекпен қамту, атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасы арқылы 800 мың қаржы алған. Тандыр пеш жасаудың қыр-сырына қанық отбасы қаржы қолдарына тиісімен білек сыбана іске кірісті. Тапсырысқа қарай тандырды сары, қызыл топырақ қосып, лайдан құрастырып, жасайды. Бір апта көлемінде 6-7, кейде 8 тандыр пеш жасап шығып, саудаға шығарады. Тандыр пешке арнайы топырақ қажет. Оның топырағы құнарлы болмаса тандыр жақсы шықпайды. Шикізатты негізінен көршілес Сарыағаш ауданынан сатып алады. Негізгі тұтынушылары өз ауданы және көршілес аудандар. Кейде шалғайдағы Ресей, көршілес облыстардан да тапсырыс түсіп жатады. Ал, кейін нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама бойынша 600 мыңға жуық қайтарымсыз грант алып, кәсіптерін кеңейтті. Отағасы, балалары да бұл кәсіпке әбден машықтанып алған. Адал еңбек, маңдай термен келген нанның қадір-қасиетін біледі олар. Сондықтан, шаршап, жалқаулануға бой бермейді. Тандырдан тәп-тәуір несібелерін тауып отырған отбасы мемлекеттің осылай қолдау жасағанына ризашылықтарын білдірді.