Қымбат өнімнен түсім мол Түркістан облысы, Түлкібас ауданы тұмса табиғатымен таңғалдыратын мекен. Мұнда таулы тасты аумақ, бау бақшаға бөленген. Әсіресе құнарлы топырағы бау бақша, жеміс отырғызуға қолайлы. Өзге өңірлер арасында «алманың отаны» деген атауға ие. Алматының апортындай үлкен алмаларының дәмі тіл үйірерлік, үлкендігі жұдырықтай. Алма, жүзім, шабдалыдан бөлек соңғы жылдары ауданда құлпынай егу қарқынды дамып келеді. Бұл іске әбден машықтанып, жақсы табыс тауып отырған дихандардың саны өсуде. Үй іргелік жерлерді тиімді пайдалануды көздеген шаруалар бос жатқан жерлеріне жеміс-жидек отырғызып,бақша өнімдерін егіп, пайдасын көріп жүр. Олардың өңірдегі жұмыссыздықты азайтуға үлес қосып, кәсіптерін дамытуларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны көңілге қонымды. Мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланып, кәсібін дөңгелентіп отырғандардың қатарында Шақпақ баба ауылының тұрғыны Ж.Ештаев, «Ақбиік Агро» шаруа қожалығының иесі Б.Исақов бар. Осындай еңбекқор азаматтардың қатарын Тілемісовтер отбасы толықтырды. Ерлі-зайыпты, көпбалалы ата-ана Сержан мен Лиза үй іргесіндегі 35 сотық жерге құлпынай екті. Сұранысқа ие тәтті өнім бір жылдан соң құлпынайлары жақсы өнім беріп, еңбектері ақталды. Бағасы да арзан емес, бірақ өтімділігін өкіртетін өнімнің сұранысы артып шыға келді. Отағасы содан өнім көлемін арттыруға ойы кеткен болатын. Оның да орайы келе кетті. Кәсіптерін кеңейту үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыспен қамту орталығынан 583 мың қайтарымсыз грант алды. Өнім алу үшін жерді өңдеу қажет. Топырағы құнарлы болса алған өнімің де көбірек болмақ. Алдымен 1 гектар жерді алып, алдымен жерді қаздырып, скважина қаздырды. Жақсылап жасалынған дүниенің көп өтпей ақ нәтижесі көріне бастады. Құлпынайдың да нешетүрлі сұрыптары болады екен. Кәсіпкер алдымен қай сұрыпы жақсы бәрін зерттеп, зерделеп алды. Осы жерге құлпынай жемісінің «Альбион», «Азия», «Клери», «Мурана» түрлерін отырғызды. Ағын судан көрі тамшылатып суғару тиімдірек болатынын біліп, жемісті тамшылатып суғару әдісімен суарады. Баудағы бос жерлерге картоп, қияр, қызанақ, пияз, сәбіз, қырыққабат секілді бақша өнімдерін отырғызды. Бос жатқан жер көрсе өнім еккісі келіп тұратын бұл отбасы мемлекеттің қолдауы арқасында бүгінде бастаған кәсіптерін ұршықша иіріп отыр. Құлпынай жарықсүйгіш, құрғақшылыққа төзімсіз, суыққа төзімді жеміс. Сұрпына қарай ерте көктемде, жазда, күзде жеміс береді. Сонымен қатар жаз бойы, күздің суық күндеріне дейін жеміс беретін сұрыптары бар. Денсаулыққа пайдасы мол, дәрумендерге бай өсімдік. Жеуге сүйкімді, тосабы да жағымды боп келеді.Сондықтан болар, халық арасында құлпынайға деген сұраныс жоғары. Тілемісовтер отбасы биыл мамыр айынан бастап, 1 тонна құлпынайды сатылымға шығарды. Күздің қара суығына дейін пісетіні тағы бар. Бұл жылы жеміс жақсы салды. Құлпынайдың әр келісі 1500 теңгеден болса, кейіпкерлеріміздің жап-жақсы қаражат тапқанын бағамдауға болады. Облыс орталығында тіптен қымбат. Жеуден бөлек арнайы тосап үшін сатып алатындардың да қарасы қалың. Бүгінде көшеттерді дайындап, тынымсыз тірліктің үстінде жүрген Сержан аға мен Лиза: «Құлпынайға жақсы тыңайтқыштар дайындап, айрықша күтім жасап, артық бұтақтардан арылтып, жүйектерін тазартып, қысқа дейін тыным таппаймыз. Күзде тағы көшеттер отырғызамыз. Несібе де ерінбегенге бітеді. «Еңбегіне қарай өнбегі» деген бар емес пе? Баларымызбен баудан шықпай, қыбырлап, тірлік істейміз. Отбасының нәпақасын айырып отырған екі көмекшіміз бар. Жұмыс қарбалас болған кездерде кейбір азаматтар күндік ақысын айырады» дейді. Келер жылы құлпынайшы отбасы тағы да өнім өндіретін жер көлемін көбейтсек деп ниет етіп отыр.