Бүгінгі жас бұрынғы жастай емес. Алғыр, білімді. Ойға алған идеяларын жылдам жүзеге асырады. Жуырда Түркістан облысы, Ордабасы ауданының тұрғыны, 9 сынып оқушысы Дінмұхамед Айболатұлы үй жағдайында 25 күнде саңырауқұлақ өсіріп шықты. Мұндай идея да ойда жоқта келген. Еңбекқор жас бұл өнім түрін өсіруді әлеуметтік желі арқылы үйреніп, қызығушылығы артқан. Тұтынушылары көп өнімге деген сұраныстың аз болмайтындығы анық. Талабы таудай баласының кәсіпкерлікке деген ұмтылысын байқаған анасы оны Төрткөл ауылдық округінде аталған кәсіппен айналысатын Қаршыға Арысбекқызына тәжірибе алмасуға алып барған. 37 жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан кәсіпкер талабы таудай жасқа өз білгенін үйреткен. Оны баптап өсіруден бастап, етті болуы үшін қандай айла тәсілдерді қолдану қажеттігі туралы құпияларымен де бөліскен. Осылайша өзіне керекті ақпарат алған Дінмұхамед саңырауқұлақ өсіруге кірісіп, нәтижесінде 25 күнде дайын өнім алған. Дінмұхамед Айболатұлы, агроном: «Әу баста 50 мың теңгеге саңырауқұлақ ұрығын, 10 мың теңгеге қауыз сатып алдым. Ал су, газ шығындарына жобамен 10 мың теңгедей қаржы жұмсалды. Арнайы бөлме ішіне еккен ұрықтардан 63 блок өнім шыкты. Дайын өнімнің бір келісін 1000 теңгеден сатылымға шығарудамыз. Бір блоктағы саңырауқұлақ 20 күнде пісіп, 2- 4 келіге дейін өнім аламыз. Негізінде бір блок 4 рет таза өнім береді. Оның алғашқы 3 өнімі сатылымға шығарылса, соңғысы консервіге жабылады». Жастайынан тың идеяны жүзеге асырып табыс тауып отырған жас кәсіпкер болашағынан үлкен үміт күттіреді. Келешекте алып зауыттың иесі болуы да ықтимал. Жаңа Қазақстанның өркендеуіне осындай тың идеяшыл, білімді, рухты жастар үлес қосары анық. Алдағы күндері бала агроном мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алу арқылы үйіргелік жеріндегі кәсібін дамытуды көздеп отыр.