Бүгінде кофеге деген құмарлық сұранысты арттырып отыр. Қалада екі қадам аттаған сайын кофехана. Сұраныс бар жерде нарық гүлденетіні анық. Осы кеңістікті кеңінен пайдаланбақты ойлаған Түркістан облысына қарасты Кентау қаласының тұрғыны Арман Торланбаев қайтарымсыз грант алып, кәсібін бастаған жастың бірі. Жас кәсіпкер екі жыл Нұрсұлтан қаласында кофеханада жұмыс істеген. Осы салада жүріп кәсіптің қыр сырын үйренді. Кофені дәмді етіп дайындап, сұранысына орай өзге де жылы-жұмсақтарды қосып, оны тұтынушыға ықыласпен ұсынуды, яғни клиент тартуды үйренді. Әсіресе, кофемашинамен кофе дайындау барысына мұқият көңіл бөліп, оны да жасап, көкейіне түйіп алды. Әсіресе жастар арасында зор сұранысқа ие гляссе, балмұздақ сияқты салқын сусындар жасауды да меңгерді. Сол кездерде өзімнің де осындай жеке бизнесім болса ғой деп армандайтын. Өзгенің бизнесін өркендетуді емес, өз бизнесін бастауды мақсат қып қойды. Арман адамды алға жылжытып, жаңа идеялар, жаңа мақсаттар қоюға жетелейді. Ақыры жеке кәсібімді ашамын деп тәуекел етті. Тақыр жерден кәсіп бастау қате екенін әу бастан ақ біледі. Ол үшін білім қажет екенін де аңдайтын. Көп оқыды, көп ізденді. «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік курсты оқып, сертификат алды. Маркетигн, қаржы жағын зейін қойып оқып, зердесіне тоқыды. Сонымен, мемлекеттің 1225200 теңге қайтарымсыз гранты қолына тиіп, оған өзінің 1500000 теңге қаражатын қосып, кәсібін бастады. Кофехана ашылғалы осында келіп демалушылар көбейіп келеді. Бір ғана кәсіппен қаңтарылып отыруға тағы да болмайды. Бұл ғимарат ішінде мини кинотеатр да бар. Оған келгендер дәмді кофесін ішіп, бәліштерін жеп, кино тамашалайды. Сондай-ақ, мұнда түрлі семинарлар өткізіліп тұрады. Балалардың туған күндерін, мерекелік іс-шараларды өткізу де үрдіске айналып келеді. Мемлекет қаржысынан алынған кофемашина жай күндері 20-30 кофе шығарады. Бағасы — 1 стаканы (0,25-03) 390-490 теңгені құрайды. 1 күнде 15-20 мың теңге түседі. Кофенің 5 түрі, какао да бар. Дәмі, сапасы жағынан тұтынушыларынан тек алғыс естіп жүр. Бағалары да қолжетімді. Кофеден бөлек мұнда гляссе, салқын кофе, махито секілді көпшіліктің сүйсіне тұтынатын сусындары дайындалады. Әртүрлі салқын сусындар сатылады. Көпшіліктің сүйікті орнына айналған кофеханаға сұраныс күннен күнге артып келеді. Қаланың белсенділері аптасына бір рет мүмкіндігі шектеулі балаларды, көпбалалы аналарды осында әкеліп тұрады. Оларға мұнда тегін демалып, ішіп-жеуге мүмкіндік жасалған. Жас та болса кейіпкеріміз қайырымдылық жасаудың қайырлы, сауапты іс екенін түсінеді. Балмұздақтарды да өздері дайындайды. Тіл үйірер балмұздақтарының дәмін біліп алған үлкен-кіші осында жиі келіп тұрады. Тұтынушыға ықылас ретінде кофенің қасына сыйлыққа «Қазақстан» шоколады ұсынылады. Дәмді печенье, круасандары да бар. Кентаулықтар, қала қонақтары бұл демалыс орнына отбасыларымен, достарымен келіп, мәнді, көңілді демалыстарын өткізіп, алғыстарын айтып кетеді. Туыс, достарымен келіп үлкен экраннан футбол матчын тамашалайды. «Екі қабатты МООN Coffe Cinema кофеханасының екінші қабатында чикен, суши, фри, пицца дайындайтын асхана бар. Бірақ, бұл асхана олардың өз бизнесі. Менікі бөлек бизнес. Маған бұлайша келісіммен жұмыс жасағанымыз тиімді болып тұр. Керегін сырттан іздеп сабылмаса дейміз. Тұтынушыларымыздың сұранысын қанағаттандырып, осы тағамдарды ыстық, балғын күйінде әкеліп береміз» дейді жас кәсіпкер. Кеенді жалға алу ақшасы, қызметкерлердің айлығы, коммуналдық төлемдер, алатын тауарларынан бөлек, таза табыстары бірте-бірте артып келеді. Жақында қала әкімі осы кофехананың кең де жарық бөлмесінде жастармен кездесу өткізіп, кеңінен пікірлесіп, жылы лебізін білдірді. Дәл осыдан кейін келушілер қатары тіптен арта түсті. Бүгінде жас кәсіпкердің қол астында 4 адам жұмыспен қамтылып отыр. Жаңа істің көзін тапқан жігерлі жастың алға қойған мақсат, жобалары аз емес. Әңгімеміздің соңында Арман өзінің жақсы жоспарлары туралы да айтты: «Қандай бизнес бастасаң да ол өзгелерге пайдалы болуы қажет. Алдағы уақытта балаларға арнап, пайдалы, дәруменге бай, дәмді сусындарды дайындап, көбірек қазақша мультфильмдер көрсетпекпіз. Өйткені, балалар бізге келгенде мультиктердің қазақшасын қойып беріңізші деп сұрайды. Сосын фреш жасайтын аппарат алсам деп отырмын. Таза жеміс шырынын ұсынғым келеді. Денсаулыққа өте пайдалы екені рас. Жалпы, клиентке қолайлы, жағымды болуы үшін барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Бізде барлығы болуы керек. Жалпы, таңдау көп болса, тұтынушы көбейіп, табыс та артады. Сосын сапаға айрықша мән беремін. Келесі жылы өзім жеке асхана ашып, таңертеңгілік ас, түсте комплексті түстік ас, кешкі ас ұсынамыз деген жоспарым бар. Жеке ғимаратымыз жайлы да ойлаймын. Келешекте кәсібімді дамытып, тұтынушының талғамына сай жұмыс жасай береміз», — дейді жас кәсіпкер. Жеке ісін бастаған Арманның бюджет түсіміне қосып отырған тамшыдай болса да үлесі бар. Мақсаты айқын, жалынды жасқа келешегің жарқын болсын, кәсібің өрлеп, абыройға бөлене бер дейміз.