Шетелдік өнімді нарықтан ығыстырмақ Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы ауыл шаруашылығы мықты дамыған аудан. Мұнда мал шаруашылығы да, жеңіл өнеркәсіп те жақсы жолға қойылған. Әсіресе ауыл шаруашылығының құлағын ұстағандар мұнда экзотикалық жемістер, лимон да өсіріп отыр. Ал саңырауқұлақ өсіріп, табыс тауып отырғандар бүгінде оны алыс та жақын шетелдерге экспорттай бастады. Ауданда саңырауқұлақ голландиялық тәсілмен өсіріледі. Жылыжай әдісімен жұмыс жасайтын кәсіпорын жылына 200 тонна қозықұйрық өндіруге қауқарлы. Сайрам ауданында егілген саңырауқұлаққа Қарағанды, Алматы, Астана қалаларынан сұраныс көп. Бұл жобаға серіктестік 572 миллион теңге жұмсапты. Кешенде қазір жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Әуес асқа әсіресе мейрамханалар көп тапсырыс береді. Дәмі тіл үйіретін ерекше өнімді консервілеп сататындар да баршылық. Әрине оны өсіріп, баптау да оңай емес. Тұқымын шетелден тасымалдайды. Мұнда саңырауқұлақтың «А15» атты сорты өсіріледі. Кәсіпорындағы құрал-жабдықтар Польша мен Голландия елдерінен сатып алынған. Фермада көлемі 280 шаршы метр болатын 12 камера бар. Мұнда егілген қозықұйрық үш айда дайын болады. Демек дихандар жылына 4 рет өнім жинап алады. Серіктестік басшысының айтуынша, күнделікті 300-500 келі өнім шығарылады екен. Үлкен цехтың ішінде 12 бөлме бар. Әрбір бөлмеде 300 шаршы метр, соның үстіне егіледі. Өнімге деген сұраныс қазіргі таңда артып келеді. Алматы, Астанадан арнайы келіп алып кетеді. Күнгейлік өңір үшін таңсық өнімді өсіруде ең алғашқы ірі жоба болып табылатын ферма келер жылы саңырауқұлақтың өзге де сорттарын көбейтуді жоспарлап отыр. Аз ғана уақыттан кейін аталған серіктестік шетелден келетін өнімді нарықтан түре қуып шығадыы деген сенім бар. Теңіз асып, тау асып келген дәмі жоқ өнімнен көрі өзіміздің отандық өнімді тұтынған абзал емес пе?