Бал өндірісіне сұраныс артты Тәтті нарығы биыл қайнап тұр. Бал өндірісіне деген сұраныс артты соңғы кезде. Бал кәсібін дамытып, оның игілігін көріп отырғандардың бірі – Түркістан облысы, Келес ауданы, Абай ауылының тұрғыны Қайырғали Жарқынбаев. Қайырғали көпбалалы әке. Ол соңғы 4 жылдан бері омарташылықпен айналысады. Кез-келген кәсіпке бел шеше кірісіп, жұмысың өнімді болу үшін қомақты қаражат қажет болатыны белгілі. Ауылдағы ағайынның кәсібін дамытуға мемлекеттік қолдаудың көмегі көп болып тұр. Омарташы да мемлекеттің көмегіне жүгінді. 600 мыңдай қайтарымсыз ақшаны қолына алып, жұмысының ауқымын арттырды. Бүгінде ара балалайтын қырдағы ұяшықтарының саны 100-ге жетіпті. Кәсіпкер алдағы уақытта тағы да ұяшықтардың басын көбейтуді жоспарлап отырғанын айтты. Кәсіпкер кәсібін бастамас бұрын зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Бау-бақшалардың, аралар бал тарта алатындай гүлдер мен шөптер өскен далалық аумақтардың болуын ескерді. Сулы жердің бар екеніне де көз жеткізді. Жәшіктерді орналастырған кезде ара ұяларының құрылысына мән берді. Көптеген әбебиетті ақтарып, ғаламтордағы мәліметтерге қанықты. «Бал арасына да балаға қарағандай қарап, бабын жасап тұру керек. Уақытылы дәрілеп отырамыз. Ұяшықтың іші салқындап кетпеуін қадағалап, салқындаса жылытып отырамыз. Араларды тыныштандыру үшін тиісті мөлшерде түтіндетіп тұрамыз. Жұмысымызды арнайы киім киіп жасаймыз. Ұяшықтар құрғақ, көлбеу жерге орналастырылады. Жаңбыр жауғанда су ішіне ағып дымқылданып қалмауы керек. Бізде балдың қурай, гауйл, жантақ, мақта түрлері бар. Маусым айында мамыр балын жинасақ, тамыздың 10 — ы мен 20 — сы аралығында мақтаның балын жинап аламыз. Әр жұмыстың өз қиындығы болады ғой. Сол сияқты омарташылықпен айналысудың да машақаты аз емес. Жұмысымыз наурыз айынан басталып, қазан айына дейін тыным таппаймыз. Балды айырып алып, ыдыстарға саламыз, өлшеп сатылымға шығаруға дайындаймыз. Бұл кезде әйел, бала-шағам жұмылып көмектеседі. Негізгі тұтынушыларымыз Шымкент, Жетісай, Абай, сарыағаштық тұрғындар. Араларды қысқа дайындап болған соң ғана демаламыз», дейді омарташы. Тек балмен ғана шектеліп қалмақ емес. Бір ғана араның өзі қаншама өнім өндіреді. Оның ара сүті, балауыз, балтозаң, ара уы, прополис секілді араның пайдалы өнімдері бар. Соны саудалау да мол табыс түсіреді. Бұл өнімдер медицинада, косметикада, тұрмыста, автомобиль, химия, радиотехника, өнеркәсіптің металлургия саласында шикізат ретінде қолданылады. Омарташының балына сұраныс қай кезде де бәсеңсімеген. Өйткені балы бал татиды. Дәмі ерек. Сондықтан да сұраныс жоғары. Тек бал ғана емес, емдік қасиетке ие ара балын сатумен айналысу арқылы адамдарға пайдалы өнім ұсынып жүр. Тек табыс тауып қана қоймай, өзгелерді де жұмыспен қамтып отыр. Келешекте ара балының басын көбейтіп, ұяшықтарды көбейтіп, жұмысты механизацияланған жүйеге көшіруді жоспарлап отыр.