Ақ алтын егетін аумақ ұлғайтылмақ Жеңіл өнеркәсіпте мақта аса сұранысқа ие екендігі белгілі. Бүгінде Түркістан облысында жеңіл өнеркәсіп дамып келеді. Кілем шығаратын өндіріс орнына да ақ алтыннан жасалған өнім кәдеге асады. Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданы, Төрткөл ауылында мақта жиын терімі аяқталуға жақын. Осы ауылдық округтегі “Нұр-Агро 73” ЖШС мақта зауытында бүгінде қайнаған қызу еңбек. Ордабасы ауданының әкімдігі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аталған зауыт басшылығы мақта бағасына қатысты қалыптасқан жағдайды ескеріп, зерттеулер мен зерделеулер жүргізіп келеді. Шаруалардың ала жаздайғы еңбегі де ескеріледі. Жалпы, Түркістан облысы бойынша 126 мың гектар мақта егілсе, бүгінгі күнге қамбаға 290 мың тонна мақта жиналған. Былтырғы жылмен салыстырғанда 16 мың гектарға артық егілген. Жылдың соңына дейін мақта алқаптарынан 330 мың тонна ақ алтын жинау көзделуде. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы бойынша 2022 жылы 7 122 Га алқапқа мақта дақылы егіліп, өткен жылмен салыстырғанда (6885 Га) 237 Га артып отыр. Атап айтар болсақ: Қарақұм а/о — 317 га, Жеңіс а/о — 920 га, Бөген а/о — 1500 га, Төрткөл а/о — 4385 га. Негізінен бірінші репродукциялы “Карло”, “Эдесса” және екінші репродукциялы “Сұлтан”, “Түркістан” мақта тұқымдары егілген. Қазіргі таңда мақта дақылының 5 320 Га теріліп, 16 мың тоннаға жуық өнім жиналды. Келер жылы мақта егетін аумақ тағы да ұлғайтылмақ.