Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының көмегі көп Бүгінде кәсібін дамытып отырған нәзікжанды кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Отбасының ауыр жүгімен қатар, кәсіпкерлікті алып жүрген мықты әйелдер қатары артып келеді. Түркістан облысында биыл алғаш рет әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылған болатын. Осы орталықта кәсіпкер әйелдер мен кәсіп ашуға ниетті азаматшалар тегін кеңестерін алып, осы кәсіпті игерудің қыр-сырын үйретуге арналған семинарларға қатысып, шыңдалып жүр. Кәсіпті қалай бастау, бухгалтерлік есепті қалай жүргізу, салықты қалай төлеу қажеттігінің бүге шүгесіне дейін үйретеді. Осы орталықтың арқасында қаншама қыз-келіншектер бүгінде табыс тауып, өзгелерді жұмыспен қамтып отыр. Ал, жақында “Әйелдер коорперативтерін құру” тақырыбында әйелдер кәсібін нығайтуға арналған тренинг өтті. Бастаманы USAID Кәсіпкерлікті және бизнес ортаны дамыту жобасы, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығымен және «Арнұр Кредит» шағын несие ұйымымен серіктестігі бірауыздан қолдауда. Тренингке қатысқан ханымдар көптеген жақсы жаңалықтар мен пайдалы, тың ақпараттарға қанықты. Орталықпен жұмыс жасауға бағытталған кеңестерді тыңдап, тыңнан түрен салуға дайын отыр. Өз кәсібімді ашсам деп армандап жүрген нәзікжандыларда құлшыныс пайда болды. Олардың қанаттануына мотиваторлардың тигізген үлесі де қомақты. Әрине кәсіп бастауға тәуекел ету қажет. Ал бұл жиыннан азаматшалар қанаттанып қайтты. Олардығ кәсіп бастауға және өз кәсіптерін дамыта түсуге құлшыныстары жоғары.