Гүл бизнесінің көрігін қыздырған… Қалаларымызда жайнап тұрған әсем гүлдер көз қуантады. Ал осы гүлдерді өсіріп, баптау үшін қаншама еңбек керек. Гүл көшетін өндіру де оңай шаруа емес. Алдымен оның бабын білу керек. Тұқымнан өндіріп, көшет болғанша егуі, суғаруы, баптауы бар, көп еңбек сіңіруге тура келеді. Жылыжайларына көкөністер мен түрлі жемістерді егіп, сатып, пайдаға кенеліп отырған тасбыскер жандардың қатарында гүл көшетін егумен айналысатын Альфия ханым да бар. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Дербісек елді мекенінің тұрғыны Альфия Аширбаева гүлдерді егіп, баптап, таратумен айналысады. Көз қуантатын әсем гүлдердің неше атасын өндіреді. Оларды сұрыпына қарай әр гүлдің бабы әртүрлі. Көп суғарып қойса да кей гүлдер тез солып қалады. Қала көркін ашатын, әсемдіктің символы гүл көшеті кәсібіне көп адамдар бара бермейді. Өйткені тәуекелі көп сала… Кәсіпкер ауыл шаруашылығын қолдау қорынан алты миллион теңге көлемінде төмен пайызды несие алып, кәсібін бастаған. Иелігіндегі 35 сотық жылыжайының жартысына көшелерді безендіруге арналған әдемі гүлдердің 20-ға жуық түрін өсіріп отыр. Әсемдіктің символы – гүлдерді өсіріп, баптауға әбден машықтанып алған. Әрі гүл көшеттеріне тапсырыс берушілер де көп. Бүгінгі таңда жылыжайдан жылына 300000 – 500000 түп аралығында гүлдердің көшеттерін өндіріп, Нұр-Сұлтан, Алматы және облыс орталығы Түркістан қалаларына саудалауда. Көше бойлай қондырылған көшеттер осы Альфия ханымның өнімдері. Әр қалаға, әр көшеге көрік беріп тұр. Кәсіпкер ханым осылайша маңдай терін төгіп, талмай еңбек етіп, еліміздегі қалалардың көшелерін гүлдендіруге едәуір үлес қосып жүр. Гүл бизнесінің көрігін қыздырған кәсіпкер келер жылы жылыжай ауқымын тағы да ұлғайтсам деп жоспарлап отыр.