Наубайхана ашып нәпақасын тауып жүр Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға жасалып жатқан бағдарламалардың игілігін көріп отырғандардың қатары көбейіп келеді. Түркістан облысына қарасты Отырар аудандық жұмыспен қамту орталығы кәсіппен айналысамын деген азаматтарға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант беруді жалғастыруда. Биылғы жыл басынан бері аудан бойынша жүз кәсіпкерге қаржылай несие беріледі деп жоспарланған болатын. Кәсіп бастауға ниеттілердің қатары қалың болып шықты. Дегенмен, екі жүзге жуық аудан тұрғыны қайтарымсыз грант алуға өтініш білдірген. Соның ішінен комиссиядан оң шешім алып, жоспарға сай 100 адам кәсіпкер атануға мүмкіндік алды. Отырар аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры А.Амангелдіұлының айтуы бойынша грант алған кәсіпкерлердің басым бөлігі нан, тәттілер пісіруді қолға алған екен. Бұдан басқа кәсіпкерлер ағаш ұстаханасын ашып, түрлі бұйымдар жасап пайда тауып отырса, енді бірі тігін цехын ашып, сұранысқа сай кәсібін жалғастыруда. Жолаушыларды тасымалдау көлігімен қызмет көрсетуді күн көріс көзіне айналдырғандар да бар. Жалпы мемлекеттік бағдарламаға қатысқандар ішінде 37 жас, 4 аз қамтылған және 3 көп балалы отбасылар бар. Олардың барлығы да бүгінде кәсіптерін табысты жүргізіп, ісін ілгерілетіп отыр. Бір ғана Түркістан облысында 5 мыңға жуық адам қайтарымсыз грант иеленіп, жеке кәсіпкер атанды. Грант иегерлері қазір өз кәсібін ашып дөңгелетіп отыр. Бірі мал шаруашылығын қолға алса, өзгелері тігін, тәттілер пісіру, жеміс-жидек өсіру сынды жұмыстарымен айналысады. Соның ішінде жеке наубайханасын ашып нәпақасын тауып жүрген Ұлжан Анарқұлова бүгінде кәсіпкерлерге жағдай жасап отырған үкіметке алғысын айтып отыр. Өзі болса қолында дипломы бар, жоғары білімді, тіпті оқу орнын қызылға бітірген жандардың бірі. Білім бесігінде, бюджеттік қызметкер де болып жұмыс істеп көрген. Айдан айға әзер жететін мардымсыз жалақыға күнелткен кездері де болған. Тіпті бір кездері жұмыссыз да қалған кездері болыпты. Барлық қиындықтан, кедергілерден өткен. «Қимылдағанның ғана қыр асатынын», «қолы қимылдағанның аузы да қимылдайтынын» жақсы біледі. Сондықтан да бір кәсіп бастауды алдына мақсат етіп қоя білді. Мемлекет барлық мүмкіндікті беріп отырған кезде пайдаланып қалу керек деген шешімге тоқтайды. Ұлжан Әділханқызы жанына жақын кәсіптен бастауды жөн көрген. Осылайша қолынан келетін нан пісіру өнерін бастап кетті. Бала күннен үй шаруасына қызығатын ол, нан пісіруді сүйікті ісіне айналдырып та үлгерген. Алғашында тек өз отбасы, күнделікті тіршілік үшін үйінде нан жауып бастаған. Алайда бала күннен жанына жақын бұл кәсіп берекенің бастауы екендігіне нық сенімді болған. Сол сенімнің арқасында отырарлық кәсіпкер бүгінде айына 500 мыңға жуық табыс тауып отырғанын жасырмайды. Ұлжан өз шаруасындағы қуанышы мен қиыншылығын әрдайым мақтанышпен еске алады. Ас атасы бар жерде береке бар. Расында, Ұлжан жеке кәсіпкер атануды бұрыннан ойға алса да, қаражат тапшылығы бұл істі ертерек бастауға еш мүмкіндік бермеген. Дегенмен кәсіпке деген мақсаттары мен қызығушылықтары жылдар өте еселенбесе, Ұлжанның үміті еш үзілген емес. Қаражатым жоқ деп әлсіздік көрсетпей, кәсіпкер болудың жолдарын қарастырып, талмай ізденіс үстінде жүрген. Осылайша қаржы табуды көздеп жүрген Ұлжан «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бар екенін естіп, аудандық жұмыспен қамту орталығына аяқ басты. Ондағы мамандар бағдарламаның бағыт-бағдарын, жай-жапсарын түсіндірген соң, «іздегенге сұраған», Ұлжан бұл бағдарлама өзіне нағыз көмекші екенін бірден ұққан. Діттеген жетер мақсатқа деп, ести сала тәуекелмен алға бір қадам аттады. Істің оңғарылуы – адамның ынтасы мен талап-тілегіне байланысты. Ниетіне қарай нәтижесі. Талмай талаптанған Ұлжан ақырып дегенін жетті. Береке бастауын пісіріп бастап еді нәпақасы да көбейе бастады. Бүгінде күніне 200-ге жуық ас атасын пісіретін Ұлжанның да мақсаты орындалып, жоспары жүзеге аса бастады. Содан соң, шаруасының дөңгелене жөнелгенін біліп, жұмысқа деген ынтасы әрмен қарай ашыла түскен. Бүгінде жеке кәсіпердің өз ауласында кішігіріп наубайхана жұмыс істеп тұр. Мемлекеттің қайтарымсыз грантын ұтып алғаннан кейін, көп ұзамай сол қаржыға қажетті құралдарды алды. Ең бастысы нан жабуға арналған пеш пен қамыр илеуге арналған құрал ғой. Соған қол жеткізген соң басқасы оңайырақ. Шағын наубайхана болса қазір, Көксарай ауылын толықтай нанмен қамтамасыз етіп отыр. Бір күнде 200 — ге жуық кейде тапсырысқа байланысты одан да көп нан жауып халыққа жеткізіп отыр. Бір нанның бүгінгі бағасы 80 теңге. Тиыннан теңге құрап, айына 500 мыңға жуық табыс тауып тірлігін дөңгелетіп келеді. Шағын наубайхананы, үлкен наубайханаға айналдыру жоспарда бар дүние. Осы мақсатты іске асырса Көксарайдан басқа да ауылдық округтармен келісімшарт түзіп халықтың сұранысы көбейеті сөзсіз. Көздеген мақсатына жетпей тынбайтын Ұлжан бүгінде кәсібінен нәсіп тауып отыр. Ауылда жұмыссыз жүргендер өзі сияқты кәсіптің көзін тауып, пйдалы тірлікпен айналысса деген тілегі бар.