Жоқтан бар жасайтын сайрамдықтар бүгінде барлық кәсіптің көзін тауып, тірліктерін дөңгелетіп отыр. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік те, ауыл шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Өндіріс орыдарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердер бүгінде қоғамға аса қажетті әлеуметтік салаға да бет бұра бастады. Яғни, жекеменшік мектеп салып, халық игілігіне пайдалануға беруде. Бүгін Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы тағы да бір жаңа білім ұясымен толықты. Аудан орталығы Ақсукент ауылдық округінде орналасқан жекеменшік мектептің құрылысы биыл мамыр айында басталып, қазан айында аяқталып отыр. Білім ордасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков құттықтау сөз сөйлеп, мектеп ұжымына табысты еңбек тіледі. Мектепке көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Заманауи және типтік үлгідегі 1200 орынға лайықталған білім нысанының құрылысына 2 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Жалпы аудан аумағында 15 жекеменшік мектеп болса, оның 7-і кәсіпкер Низамхан Сулаймановтың демеушілігімен салынған. Жаңа мектепте балалар бір ауысымда білім алып, қалған бос уақыттарында пәндік, спорттық және өнер үйірмелеріне қатысуына қажетті жағдай жасалған. Білім шаңырағында спортзал, 30 интерактивті тақта, робототехника, биология, химия, физика лаборатория кабинеттері, 400 орындыққа арналған асхана және акт залы, гимнастика залы, ашық және жабық футбол алаңдары, қысқы бассейн, кітапхана бар.