Түйе шаруашылығын дамытып отыр Түйе шаруашылығы – мал шаруашылығының ішіндегі тиімді бағыттардың бірі болып саналады. Түйе түлігі негізінен жайылымда бағылып, күтімді, құнарлы азық пен құрылысы күрделі, жылы қора-жайды аса қажет етпейтіндіктен, басқа ауыл шаруашылық малдарымен салыстырғанда тиімді сала болып табылады. Түйенің жүні мен түбіті жеңіл өнеркәсіп индустриясында табиғилығы мен жылу жоғары бағаланады. Бүгінде нарықты түйе жүнінен жасалған көрпелерге сұраныс артқанын осыдан ақ байқауға болады. Түйе жүнінен жасалған көрпелер жылуды жақсы ұстайды. Алайда отандық жеңіл өнеркәсіптің деңгейі мал терісі, жүні, түбітін жаппай өңдеуге сұранып ақ тұр. Түйе еті дәмі мен құнарлығы жағынан сиыр етінен еш айырмашылығы жоқ. Еті фосфор, калий, темірге бай, құрамында В1, B2, B9, PP, C, E және А дәрімендері бар. Түйе етінде майлы қатпарлар жоқ, сондықтан түйе еті диеталық тағам болып есептеледі. Түйе етінің орташа құнарлығы – 160,2 ккал, онда 18,9 г аққуыз, 9,4 г май, 0 г көмірсу бар. Жалпы алғанда түйе еті сиыр етіне ұқсас келеді, әсіресе жас малдың еті жұмсақ әрі дәмді. Түркістан облысындағы Созақ ауданында түйе шаруашылығы жақсы дамып келеді. Мұнда түйені етіне, сүтіне, одан жасалған құртқа сұраныс жоғары. Елімізде қазақи тұқымды қосөркеш түйесі яғни, бактриан және бір өркешті нар дромедар тұқымы өсіріледі. Дала кемесінің асыл тұқымдылары да бар. Төрт түліктің төресінің жайылымына климат пен жаңтақ сынды табиғи ресурстардың болуы дәл осы шаруашылықтың дамуына барлық жағдай жасап тұр. Нәтижесінде, түйе сүті тағамдарының майлылығы ерекше. Әрине малдың оттаған шөбі мен суы да оның еті мен сүтіне әсері мол екендігі белгілі. Сапасы да, дәмі де жоғары деңгейдегі өнім алуға жағдай жасауда. Аталған саланы дамытуға мемлекет тарапынан да зор қолдаулар болып жатқаны баршамызға белгілі. Түйе шаруашылығын қолға алып, мал басын көбейтуді жоспарлаған Түркістан облысына қарасты Созақ ауданы Шолаққорған ауылының тұрғыны Байсейтов Жанғали, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы арқылы 5.7 млн теңге несие рәсімдеп, 8 бас түйенің аналық басын сатып алып, шаруашылығын кеңейтіп отыр. Алдағы уақытта түйенің басын көбейту жоспарында бар.