Түркістан облысының экономикасын өркендетуге өрелі үлес қосып отырған ірі өндіріс орындары баршылық, Солардың бірі Кентау трансформатор зауыты. Аталмыш кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік жеңімпазы. Бұл зауыт – бүгінде Кентау қаласының ғана емес, еліміздің экономикасына да үлес қосып келе жатқан ірі кәсіпорындардың бірі. Жергілікті тұрғындардың сыртқа жұмыс іздеп босып кетпеуіне сеп болып отыр әрі жоғары жалақы ұсынып отыр. Кентаудағы зауыт – ТМД-дағы трансформаторлық жабдықтардың ең ірі өндірушісі. Қазіргі таңда зауыт заманауи құрал жабдықтармен толығымен жабдықталған, жаңа технологиялармен жарақталған кәсіпорын 93 пайызға дейін жаңартылған. Мұндағылар үш ауысымда жұмыс істейді. Кәсіпорында 1252 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Әлемдегі озық технологиялар қолданылады. «Кайдзен» басқару жүйесін қолданады. Зауытта екі робот бар. Бірі дәнекерлеуші болса, екіншісі – жинаушы робот. Роботтар жүз адамның жұмысын істей алады. Жапонияның «Yaskawa» және Швейцарияның «Tuboly» компаниясынан алынған роботтарға 1 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Оның 50 пайызын мемлекеттік грант құрайды. Басқарма төрағасының сөзінше, бұл екі робот өз қол астында жұмыс істейтін инженерлердің арнайы тапсырысымен жасалған. Басқа ешбір мемлекетте аналогы жоқ. Зауыт өндірістен бөлек мамандарды даярлауды да назардан тыс қалдырмайды. Кәсіпорын жанынан 2012 жылы политехникалық колледж ашылған. Ол осы Кентау трансфарматор зауытының базасында құрылды. Алғаш ашылған жылы колледжге 107 студент қабылданған болатын. Оларды «Техниканы пайдалану, қызмет көрсету және электр және электромеханикалық құрал-жабдықтарды жөндеу», «Электржабдықтар электр станциясы, шағын станция және желі», «Электрожабдық», «Есеп және аудит» мамандықтары бойынша қабылдаған. Он жыл ішінде колледж біраз мамандар даярлап шығарды. Зауытқа қажет мамандарды өздері оқытып, жұмысқа қабылдайды. Студенттер тәжірибеден осы өндіріс орнында өтеді. Әрі оқиды әрі тәжірибе жинақтайды. Оқуды бітірген соң да жұмыс орны дайын. Әрдайым үздіктер қатарынан көрінетін өндіріс орнының шығаратын өнімі де өте сапалы. Бүгінде кәсіпорынның өнімі бірнеше шетелдерге экспортталады.