Мемлекеттік субсидия 20 адамды жұмыспен қамтыды Түркістан облысы жылыжай, тамшылатып суғару бойынша көш бастап тұр. Мәселен, жылыжай көлемі 1285,4 гектарды, ал тамшылатып суғару әдісі 6,4 мың гектарға артып, жалпы 64,4 мың гектарды құрады. Республикада жылыжайдың – 80 пайызы, тамшылатып суғару аумағының 72 пайызы түркістандықтарға тиесілі. Бүгінде Түркістан облысында 1467,4 гектарды құрайтын 3 366 жылыжай бар. Маусымаралық кезеңде ішкі нарықты жергілікті өнімдермен қамтамасыз етіп, импорттық өнімдердің үлесін азайтуда жылыжай кешендері маңызды рөл атқарады. Түркістан облысы, Бәйдібек ауданына қарасты Жамбыл ауылында заманауи кәсіп өз жұмысын бастады. Үш гектар жерді алып жатқан жылыжай кешенінің жұмысына 750 миллион теңге жұмсалған. «Бақыт-Ислам» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алғашқы қияр өнімін еліміздің өзге аймақтарына жөнелтуді бастап кетті. Бүгінгі заманның талабына сай, толық жаңа технологиямен қамтылған кешенге, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Бүгінде күнгейлік жылыжайларда өсірілген өнімдердің жерде қалғаны жоқ. Қызанаққа да, қиярға да сұраныс мол. Нақтырақ айтқанда, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында іске асырылған. Аталмыш субсидия 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жылыжай жұмысына халық дән риза. Бүгінде өз өнімін сәтті беріп жатқан жылыжайдан, болашақта 1200 тоннадан астам өнім алу жоспарланып отыр. Ерте бастан көшетін өндіріп, оны баптап, суғарып өнімін теріп алғанға дейінгі шаруа тынбай тырбаңдап тер төгуді талап етеді.