Мақтаарал ауданында үш бірдей жоба өз жұмысын бастады Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданында өндіріс орындары көбейіп, экономикалық көрсеткіштер көтеріліп келеді. Биылғы жыл мақтааралдықтар үшін қуанышқа толы, жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылған жылы десек болады. Оған дәлел, Түркістан облысы Мақтаарал ауданында бір емес үш бірдей жоба өз жұмысын бастап отыр. Бұл туралы аудан әкімі Бақыт Асанов журналистермен болған брифингте мәлімдеме жасады. Үш зауыт құрылысына жалпы құны 3,6 миллиард теңге жұмсалған. Олардың бірі «Huayi International Cotton Co» деп аталатын мақта талшықтарын өндірумен айналысатын заманауи өндіріс орны болса, іске қосылған келесі зауыт бетон өнімдерін өндірумен айналысады. Соңғы технологияның көмегімен тиімді әрі сапалы бетон өнімін өндіруді «EL-KZ 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Сонымен қатар, ауданнан ашылған жобалардың бірі «Мырзашөл құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деп аталады. Аталған кәсіпорындарға үш жүзге жуық жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жаңа өндіріс орындарының ашылуына ең бірінші жергілікті тұрғындар қуанады. Өйткен алысқа сабылмай аудан орталығынан жұмысқа тұру мүмкіндігі туады. Осыған дейін айта кетейік, аудан бойынша қоғамдық жұмыс орындарына 2319 адам жұмылдырылып, соның ішінде 980 азаматқа тұрақты жұмыс табылған. Жастар практикасы аясында ауданның 604 жасы да жұмыс күшіне тартылды. Мұның барлығы «Нәтижелі еңбек жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында орындалып отыр. Екі қолға бір күрек тапқан жандардың бәрі де қуанулы. Оған осындай мүмкіндік беріп отырған түрлі бағдарламаларға да айтар алғыстары жоқ емес. Ал кәсіп бастаймын, тың идеяларды жүзеге асырамын деушілерге де кедергі жоқ. Жаңа идеяларға арналған мемлекеттік грантты жеңіп алғандар бүгінде өз кәсібімен айналысуда. Нақтырақ айтсақ 563 аудан тұрғыны осылайша кәсіпкер атанған. Бұдан өзге өңірде жылыжай ұйымдастыру жұмыстарыда қарқынды атқарылуда. Жылыжай кәсібін дамытуға қолайлы өңір болғандықтан мұнда дәл осы кәсіп түріне бет бұрушылардың қатары қалың. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба аясында 40 отбасыға тиесілі жерлерден жылыжай беру ісі жоспарланған. Пилоттық жоба нәтижесінде әр отбасыдан кемінде 2 адам жұмыспен қамтылып, жалпы 80 жұмыссызға жұмыс беру көзделіп отыр. Ол үшін қазіргі таңда арнайы бизнес жоспар әзірленіп, ниет білдіруші азаматтардың нақты тізілімі жинақталып қаралуда. Ауыл тұрғындары үшін осылайша жаңа мүмкіндіктердің есігі ашылуда.