Отандық аяқ киімнің бәсі жоғары Алыс ауылда отырып-ақ ерекше кәсібін ашып, нәпақасын арттырып отырған кәсіпкерлер жетерлік бүгінде. Солардың бірі — Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылының тұрғыны Кенбай Игенбаев. Жеке кәсіпкер аяқ киім тігетін кәсібін ашты. Бүгінде оның қолынан шыққан аяқ киімге деген тапсырыс берушілердің де қарасы артып келеді. Аяқ киім тігу шеберханасына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы барып, талабы таудай азаматтың ісіне ризашылығын білдірді. «Біздің тарапымыздан қолдау болады. Шеберханаңды кеңейтіп, қасыңа көмекші жұмысшылар алсаң болады. Бизнес-жоспар жасап, жұмыспен қамту орталығы арқылы қайтарымсыз грант беруді қолға аламыз», – деп ақыл-кеңесін берді. Өсемін деген адамға ештеңе де кедергі бола алмайды. Кім-кімнің де әйтеуір бір кәсіпке икемі болары анық. Дер кезінде соның қайнар көзін ашып, дамытса болған. Әрі жан қалауымен жасалған дүние де сапалы болмақ. Кәсіпкер жігіт бұған дейін әртүрлі жұмыстың басын шалып көрді. Бірақ жүрек қалауы болмаған соң тастап кетіп отырды. Он саусағынан өнері тамған шебер 2017 жылдан бері көрші-қолаң мен ағайын-туыстың кішкентай балаларына аяқ киім тікті. Осылай аяқ киім тігудің қыр-сырын меңгерді. Бүгінде ғаламтордың тетігін бассаң қалаған дүниеңді табасын. Оқу ізденуге де таптырмайтын құрал. Осы ғаламтор арқылы ізденіп, шеберлігін шыңдады. Өткен жылы аяқкиім тігу ісіне біржолата бет бұрды. Нартәуекелмен іс бастады. Алдымен білімн жетілдіріп алған жігіт аяқ киім саласындағы нарықты терең зерттеді. Әріптес досы, жеке кәсіпкер Мадияр Тулеев те қолдау білдіріп, өзінің «ТорланСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі цехының бір бөлмесін берді. Шебер қазіргі таңда маусымдық сұранысқа сай спорттық аяқ киімін тігіп жатыр. «Аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы шеберханама келіп танысты. Өзіне екі пар аяқ киімге тапсырыс берді. Қолдау болатынын айтты. Осылайша әкімге аяқ киім тігіп жатқан жайым бар. Аяқ киімге қажетті материалдарды Алматы қаласынан алдырамын. Аптасына 10-12 жұп аяқ киім тігуге мүмкіндігім бар. Тапсырыс берушілер де көбейіп келеді. Алдағы уақытта ісімді жолға қойып, дүкен ашу ісін жоспарлап отырмын. Аяқ киімнің кез-келген түрін тігемін. Бағасы – 15 мың теңге шамасында. Ұлттық нақыштағы аяқ киімге де тапсырыс қабылдаймын», – дейді Кенбай Игенбаев. Ою-өрнек салынған аяқ киімдер тіптен керемет. Көздің жауын алады. Ұлттық нақыштағы киім, аяқ киімдер сәнге еніп жатқан шақта қолөнер шеберінің кәсібі өрге домалайтыны анық. Алдағы уақытта қасына көмекш-жұмысшылар алу да жоспарында бар. Сұраныс тіптен артып кетсе, шеберханаасын да үлкейту мүмкінідігі туып тұр. Қолынан өнері тасыған шебер жігіттің аяқ киімдері расында керемет.