Жылына үш рет өнім алып отыр Түркістан облысы Келес ауданында ауыл шаруашылығы үшін қолайлы аймақ. Жері құнарлы болғандықтан мұнда не өсірсе де өнімді молынан береді. Енді ауданда құлпынай өсіріле бастады. Тәтті түбірге ешуақытта да сұраныс азайған емес. Варенье жабатындар да молынан сатып алады. Исмадияр Адилов атты Қазақстан елді мекенінің тұрғыны жұртшылықты өз ісімен тәнті етіп отыр. Ол құлпынайды молынан егіп, өнімін молынан сатып отыр. Қолы ұсынақты шаруа 1 гектар жерге еккен өнімнен, жылына 15-20 тонна құлпынай алады екен. Жақсы өнім алу үшін алқаптың құнарлығын арттырып, өнімді молынан өсіретін түрлі дәрумендермен тыңайтады. «Көшетінен бастап егіп, оны өндіріп, өнімін теру өзіме кәсібім қатты ұнайды. Құлпынай өсіруге қызығушылық танытып жатқандар өте көп. Ерінбесең ғана, еңбегіңнің жемісі тәтті болады. Суды жақсы көретін өсімдік болғандықтан оны бабымен өсіру керек. Құлпынай өсіру ең алдымен жерге байланысты. Оның дәмді, әдемі болуы үшін топырақтың құнарлығына аса мән берген жөн. Мен өзім құнарлы топырақпен жұмыс жасаймын. Ол үшін алдымен ылғалдылықты сақтау маңызды. «Піс, аузыма түс» – деп отырған мен жоқ. Барлығы осындай еңбектің арқасында келеді. Топыраққа тыңайтқыштар төгіп, күн-түн демей күтім жасап келемін. Соның арқасында алып отырған өнімнің мөлшері көңілімнен шығады», — дейді жеке кәсіпкер Исмадияр Адилов. Жыл сайын топырақтың құнарлылығы қашады. Көпжылдық өсімдік болғандықтан құлпынайды еккен топырақ құнарлы болуы қажет. Оны бабын білген адам ғана жасай алмақ. Бір жақсысы көпжылдық өсімдік бір жылда бірнеше рет өнім салады. Тек бабын тапсаң болғаны. Диқанның былтыр күзде күтіп-баптап еккен құлпынайы биыл жетіліп, үшінші терімін ел нарығына шығарып үлгерген. Исмадияр құлпынайдың бірінші терімінен 200 келі өнім алса, екінші терімі бұл көрсеткіштен төрт есеге көбейген. Ал үшінші теріммен рекордтқа жеткен кәсіпкердің қуанышында шек жоқ. Ол 1 гектардан 4 тонна өнім алған. Ұлтарақтай жерден осыншама табыс тауып отыр. Әрине жер емген дихан үшін бұл үлкен көрсеткіш. Дәмі тіл үйіретін диқанның өніміне көпшілік қызығып қана қоймай, еліміздің түпкір-түпкірінен сұраныстар келіп түсуде. Кәсіпкер енді өнімін одан сайын көбейтуге бел байлап, ауданда құлпынайды құлпырту ісін жандандыра бермек. Келер жылы да өнімге сұраныс артпаса кемімейтіні анық. Оның бабын келтіруге дихан әзірден ақ кірісіп кеткен.