Жылыжайдан мол өнім алып отыр Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Ынтымақ елді мекенінде орналасқан «Абдуназар» шаруақожалығына қарасты жылыжай жұмысымен танысты. Шаруақожалық төрағасы Ш.Раймназаров өзінің иелігіндегі үй іргелік жер учаскесіне 0,22 га жылыжай тұрғызып, бүгінде мол табыс тауып отыр. Бірнеше жылдан бері өсімдік шаруашылығымен айналысып жүрген азамат бір өсімдіктен жылына екі рет өнім алу мақсатында жылыжайға 2021 жылғы желтоқсан айында «Блек перу» сұрыпты баялды (баклажан) көшеттерін отырғызған. Биылғы жылдың басында 15 тоннадан астам бірінші өнімді жинап алғаннан кейін көшеттің сабағын қырқып, яғни бір көшеттен екінші өнім алуға дайындаған. Еткен еңбек оңынан келіп, бүгінгі таңда шаруашылық бір көшеттен екінші рет 15 тоннадан астам өнім жинап отыр. Ауданның ауылшаруашылық саласы өкілдерінің еңселі еңбектерінің нәтижесінде 2022 жылдың 9 – айында ауылшаруашылық өнімінің көлемі 104,4 млрд теңгені құраса, ауылшаруашылық саласына 5,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда аудандағы жылыжай көлемі 683,2 га құрап, осы жылыжайлардан 140,0 мың тоннадан астам өнім жиналды.