Балалар бизнесі – бақуатты бизнес Бүгінде балаларға қатысты бизнестің дәурені жүріп тұр. Балалар ойыншығы, бар жағдайы жасалған бала бақша, балалар орталықтары тіпті дәмхана ашсаңыз да балалар ойнайтын алңшасы барын іздейді көпшілік. Ал балалар киімі бизнесі бөлек әңгіме. Сондықтан да балаларға қызмет көрсететін кез-келген бизнестің тасы бірден өрге домалайды. Биылғы жылы Түркістан облысында «Бизнестің- 2020-2025» бағдарламасы аясында өткiзiлген конкурста Шардара ауданында гранттық қаржыландыруға ұсынылған 5 жобаның 3 жобасы мақұлданып, қайтарымсыз несиеге қол жеткiзiлдi. Атап айтқанда, Нармұратова Ақ-Мейір Азретқұлқызы «Эврика — балаларды ойын-сауықпен дамыту паркі» жобасы 5 миллион теңгелік грантқа бағаланып, қорғалды. Кәсіп иесі Түркістан облысына қарасты Шардара аудандық кәсiпкерлiк бөлiмiнде «Бизнес бастау» оқуын бiтiрiп, арнайы сертификат алған болатын. Әрине кәсіп бастау үшін білім қажет. Ол үшін оқу керек. Кәсіпкерліктің қыр, сырын, бухгалтерлік есеп жүргізуді, салық тапсыруды бәрі бәрін үйреніп шықты. Кәсіпкерлік саласында кездесетін кем-кетік, жетістікке жетудің құпиялары туралы да өз білімін жетілдірді. Осылайша «Эврика — Балаларды ойын — сауықпен дамыту паркi» жобасын жасап шықты. Әрине бизнес ждоспар жасау да оңай емес. Кәсіби мамандардың кеңесі қажет. Шардара аудандық кәсiпкерлiк бөлiмi мен «Атамекен» Ұлттық Кәсiпкерлiк палатасы Шардара аудандык филиалы қызметкерлерiнiң сүйемелдеуiмен «Бизнестің жол картасы — 2025 бағдарламасы аясында облыстық байқауға қатысып, 5 миллион теңге көлемiндегi қайтарымсыз грантының жеңімпазы атанды. Әрине оған қол жеткізу оңай болған жоқ. Бизнес жоспарының бүге шүгесіне дейін жаттап, ұзақ дайындады. «Паркте 15 жасқа дейінгі балалардың ой-өрiсiн кеңейтетiн, санасын жан — жақты дамытатын бағдарламалар іріктеліп алынған. Химия, физика, география, биологиямен танысып, координация вестибулярлы аппараты дамиды. Энергияның түрлерімен танысып, әлем қызыктары жайлы ақпараттар алады. Ұлттық ойындарды ойнап үйреніп, балалардың кітапқа деген құлшынысы ашылып, сенсорика, моторика, тактильдi сезiмдерi оянады. «Эврика паркі» ойын мен ғылым, iлiм үйлескен орта. Балалар бұлшық еттерiн шынықтырып қана қоймай, экспериментті шоулардың арқасында түрлі ғылымды үйренеді. Бұл балалардың болашақта жан-жақты қалыптасуына оң ықпал етеді» — дейді А.Азретқұлқызы. Бүгінде көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген ата-ана баланың ой өрісін дамытатын орталықтарға балалаларын беруге құмбыл. Өйткені бүгінгінің баласы бұрынғы балаға ұқсамайды. Ұғымтал, жастайынан бойына сіңірген заманауи ілімді тез қағып алады. Сондықтан да бүгінде мұндай орталықтар облыс орталығында ғана емес, шалғай шетте жатқан аудандарда да ашылуда. Әрі заман талабына сай мұндай орталықтарды әр ауылда ашса да артықтық етпейді. Өйткені жастайынан мұнда дәріс алғандар санасы сергек болып ержетеді. Заманауи аса қажетті орталық ашқан кәсіпкер алдағы уақытта кәсібінің аясын кеңейтуді жоспарлап жүр. Жұмысшы санын да көбейту басты мұраты. Балалар бизнесіне үлес қосып жатқан осы салада шоқтығы биік кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді.