Балық шаруашылығын дамыту үшін… Түркістан облысы балық шаруашылығы бойынша елімізде барлық облысты артқа тастап көш басына шықты. Бүгінде облыстағы барлық ауданда кішігірім болса да балық өндірісімен айналысып жатқан кәсіпкерлер қатары артып келеді. Жалпы Түркістан облысы 5 мың тонна балықты қолдан өсіруден көш бастап тұр яғни, республикалық көрсеткіш бойынша– 68,7 пайызды құрап отыр. Түркістан облысына қарасты Шардара су қоймасының учаскелерінің бірінде «Хамит» СПК құрамына кіретін «Серманизов» ЖК жуырда бөгет салды. Оның құрылысы тоған-бассейндік шаруашылықтарды дамытуға жасалған қадамдардың бірі болып отыр. Кәсіпорын мамандары бөгеттің негізгі мақсаты шабақтарды сақтау екенін түсіндірді. Дегенмен балық шаруашылығында дұрыс жоспарлап, экономиканы дұрыс жүргізіп, шабақтарды қорғау басым болса облыс балық өсіру көлемін ұлғайта алады Дейді «Хамит» СПК басқарма төрағасы Б.Серманизов. «Түркістан облысы Шардара ауданында ұзақ вегетациялық кезеңді ескере отырып, тауарлық балық өсіру көлемін 10 мың тоннаға дейін арттыруға болады. Шардара су қоймасында – 5 мың тонна, Қызылқұм каналының бойындағы сортаң топырақтағы жасанды тоғандарда, күріш алқаптарында және басқа да көлдерде – 5 мың тонна балық бар», – дейді Бақытжан Қыпшақбайұлы. Өсірілетін балықтың 70 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Балық өнімдері өндірісін ынталандыру үшін балық өсіру шаруашылықтарына инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу (25%), балық азығына жұмсалған шығындардың құнын өтеу (30%) және басқа да шаралар енгізілді. Жыл соңына дейін Салық, Су, Жер кодекстеріне, бірқатар сабақтас заңдарға түзетулер топтамасы қабылданады, олар балық өсіру кезінде табиғи артықшылықтарды тиімді пайдалануға, балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды азайтуға және өсірілген балықтың өзіндік құнын төмендетуге жол ашады. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылғы 1 қарашаға дейін әрбір облыс нақты индикаторларымен балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлейді. Бақытжан Серманизов, «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы: — Балық өнімдерін экспорттаймыз. Өткен жылы 1300 тонна балық экспорттадық. Экспортқа сұраныс жақсы. Бағасы да қымбат. Бірінші мақсатымыз балықты экспорт жасау. Жалпы мемлекетке валюта кіргізу керек. Сол үшін ең басты мақсатымыз экспорт».