Көшеттен көгеріп отыр… Көкөністің кені саналатын күнгейде бүгінде жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Түркістан облысындағы барлық ауданда жылыжай шаруашылығы бар. Теңіз асып, тау басып келген импорт өнімнен көрі өзімізде өндірілген отандық өнімді тұтынатындар қатары көп. Жергілікті өнімнің дәмі де ерекше. Жыл жылжыған сайын жылыжай шаруашылығы осылай дами беретін болса, онда нарықты толық жаулап, шеттен келетін өнімге шекараны жабуы да мүмкін. Оның артықшылығы да көп. Тұрғындарды жыл он екі ай балғын көкөніспен қамтып отыр. Әрі шаруалардың сәйкесінше кәсібі де жыл бойына тоқтаусыз жүріп тұр. Өңірде аса ірілі жылыжайлардан бөлек, ұсақтары да жетерлік. Ауқымды өндірісте аты айтып тұрғандай мол өнім де мол табыс та бар. Ал ұсақ шаруашылықтар кәсібін дөңгелетіп жылыжайларын жыл сайын ауқымын кеңейтіп келеді. Соның арқасында жергілікті тұрғындар көкөніс, бау-бақша өнімдерімен толық таршылық көріп отырған жоқ. Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданында жылыжай салып, кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі — Еркінжан Жаппаров. Аталмыш ауданда шаруалардың басым бөлігі мақта егумен айналысады. Өйткен топырағы сортаң, ылғалы аз шөлейтті өңір үшін көкөніс өсіруді көбісі тиімсіз санайды. Дегенмен мұның ең ең тиімді жолы – жылыжай шаруашылығын дамыту деп шешкен кәсіпкер кәсіптің осы түріне ден қойды. Әрине тақыр жерден тау тұрғызу оңай емес. Әуелі бұл саланың бүге-шүгесіне дейін білу керек. Осылайша жылыжайға жұмысқа тұрады. Көшеттерді егуден бастап, суғару, күтіп баптау машығының бәрін үйренеді. Одан бөлек өзі де осы саланы зерделеп, зерттеп, ұзақ ізденеді. Ауқымды гектарлаған жер алу үшін мол қаражат қажет екендігі белгілі. Сондықтан да өзінің үй іргелік жерінен жылыжай тұрғызып, шаруашлығын дөңгелетіп алып кетті. Қазір түрлі өнімдерді сауда шығар, пайдасын көріп отыр. Жұмыссыздықты жою мақсатында қолға алынған «Бизнес бастау» жобасына қатысып, әуелі курстан өтіп, жылыжай шаруашылығына бағытталған бизнес жобасын қорғап шығыпты. Гранттың қаражатын тиынына дейін тиімді жұмсаған диқан жылыжай қондырғыларын орнатып, шаруаға қажетті он сайманын сайлап алған. Өнімді баптасаң ғана мол өнім береді. Тыңайтқыштардан, дәрумендерден ақша аяған емес. Соның арқасында жылына үш қайтара өнім алады. Үш жарым гектар егістікке алдымен көшеттер отырғызылады. Бір ғана көшетпен шектеліп қалу жоқ. Көшеттің түр-түрін отырғызады. Болгар бұрышының, баклажанның, қызанақ пен қиярдың сұранысқа ие ұрықтарын тау асып, шекара басып сатудың қажеті де жоқ. Оның өнімдері жергілікті диқандардан да артылмайтын болды. Орташа есеппен 600 мыңдай көшеттің әрбірін 15-20 теңгеге шаруаларға сатып, табысқа кенеледі. Кейін жылыжайға қызанақ, қияр егіледі. Сұранысқа ие өнім маусым кезінде терілмей жатып-ақ сатылып кетеді. Биыл тонналап өнім жинап, өткізді. Бабын тапқан бақшасына да риза. Еңбегін зая кетірмеді. Жер ананы баптасаң, теріңді тамшылатып тұрып еңбектенсең өнімін еселеп қайтарады ғой. Диқан биыл өтімді саналатын корей қырықжапырағын егіпті. Алғашқы жыл болған соң сұраныс қалай болар екен деген үрейі де болғанын жасырмайды. Дегенмен расында сұраныс көп екен. Әсіресе мейрамханалардан тапсырыс көп түседі. Тағамға, трендтегі салатқа қосылатын қырыққабат жерде қалмайды екен. Әу баста шаруашылығының қыр-сырын меңгере қоймаған шаруа қиналғанын жасырмайды. Қазіргі уақытта еңбегі жанып, жұмыс біртіндеп табыс әкелуде. Себебі, табиғи, сапалы көкөніс өнімдеріне сұраныс қашанда жоғары. Әрине бір қарағанда өнім өсіру түк те қиындығы жоқ сияқты боп көрінер біреулерге. Алайда жылыжай шаруашылығы оңай кәсіп емес. Әр өнім мұқият күтімді талап етеді. Кәсіпкердің басты мақсаты тамшылатып суару құрылғысын пайдалану арқылы жылыжайда көкөністер өсіру, баламалы энергия көздерін қолдану арқылы табиғи және технологиялық ресурстарды тиімді пайдалану болып отыр. Оның үдесінен шығып отырған жайы да бар. «Жылыжайдың іші жыл он екі ай жылы болуы тиіс. Қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмын. Өйткені, әр көкөністің күйі бөлек. Мәселен, қияр ылғалды сүйеді. Оның қасына құрғақ ауада өсетін көкөністі отырғыза алмайсың. Қиярдың бірнеше түрін өсіріп көрдім. Агрономдықты да игеріп аласың осылай. Барлығының шығымы жақсы. Қызанақты да өсіремін. Алда жоспарым көп. Жылыжайды кеңейту ойда бар. Жүйесін тапсаң, жұмыс көп қой», – дейді еңбекқор жан. Қазір шаруашылықты жүргізуге әйелі көмек қолын созуда. Маусым қызған шақта оншақты жергілікті тұрғынды жұмысқа шақырып, күніне 5-6 мың теңге ақысын төлейді. Олар да риза, жұмысы жүріп жатқанға кәсіпкер де риза. Шаруақор жан алдағы уақытта көкөніс егетін аумақты үлкейткісі бар. Қазір ауданда жалға берілетін жерлердің ақысы қымбаттаған. Алдағы уақытта кәсібін кеңейткісі келетін ол жалға берілетін бос жартқан жерлерді қарастырып жүр. Қауын, қарбыз өзге де бақша өнімдерін еккісі келеді. Маусым кезінде осы өңірде қауын мен қарбызды Ресейге тиеп әкететін фуралар қаптап жүреді. Алып көлікті толтыру да оңай емес. Өнімді өкіртіп еккендер осындайда қарық боп қалады. Алқаптан жаңа жұлынған балғын өнімді артқанына саудагерлер риза, бүкіл өнімін өткізіп шаруа да риза болады. Нәпақасын жерден іздеген кейіпкеріміз осылайша мемлекет қолдауының арқасында кәсіпкерлікті бастап жіберген. Айтуынша, биыл грантқа үміткерлер ауданда көп болған. Комиссияға түрлі жобалар келіп түсіпті. Алайда, мемлекет қаражатын үлестіруде ауданың ерекшелігі ескерілген. Ауданда игерілмей бос жатқан жерлер баршылық. Бір жағынан осы проблеманы оңтайлы шешіліп, екінші жағынан жұмыссыз тұрғындарды бизнеске баулу мақсатын көздеген жергілікті билік өкілдері жылыжай өндірісіне қатысты жобаларға қолдау көрсетіпті. Кейіпкеріміздің жобасы көп өтінімдердің ішінен мақұлданып, грант қаражаты кәсіп бастауға демеу болған. Ауылдың қарапайым ғана тұрғыны қазір жергілікті халықты арзан ауылшаруашылық өнімдерімен қамтып қоймай, шаруаларға көшеттерді қолжетімді бағада өткізіп отыр. Осылайша, жаңа агрожоба ауылдың әлеуетін көтеруге де үлесін қосуда. Мемлекеттің қолдауының арқасында кәсібін өрге өрлетіп отырған кәсіпкер тәуекел етуден қорықпау керек дейді. Ала жаздай кетпенін күнге сүйдіріп еңбек ету оңай емес. Дегенмен өсірген өнімінің пайдасын көріп, риза болатын кәсіп дейді. Нарықтың бос қуысын тауып, соған сай кәсіп қылса тек бір отбасының ғана қажетін өтемей, ауылдастарын да жұмыспен қамтамасыз етіп, аудан, облыс экономикасына да тамшыдай болса да үлес қосар еді.