Қаратаудың тәжі атанған Кентау қаласы бүгінде өсіп, өркендеп келеді. Шағын қалада шағын бизнестің қазаны қыз қыз қайнап жатыр. Өндірісі өрлеп тұр. Күні кеше Кентаудың әкімі облыс орталығында брифинг өткізді. Жетістіктерді жіпке тізді. Түркістан облысына қарасты Кентау қаласында 2022 жылдың басынан бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 30,2 млрд. теңгеге жеткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов мәлімдеді. Шаһар басшысының айтуынша, биыл негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 22,3 млрд.теңгеге жетіп, жоспар 27,4 пайызға артығымен орындалған. — Кентау қаласындағы индустриалдық аймақ 25 га жерді құрайды. Ол аймақта құны 2,7 млрд.теңгені құрайтын, 219 жұмыс орнын қамтитын, 8 жоба орналасқан. Кентау қаласы бойынша 2020-2025 жылдары өңірлердің кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында іске асырылатын жалпы құны 6,33 млрд. теңгеге 2 жоба іске қосылады. Онда 317 жұмыс орны ашылу жоспарланған, — деді Жандос Қалмырзаұлы. Биылғы жылдың басынан бері қалада 21,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдар 100% ауызсумен қамтылған, толық орталықтандырылған электр желісіне қосылған. Биыл жыл соңына дейін 18 мың абонентті табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Айта кетерлігі, қазіргі таңда, Сауран ауданы аумағынан жалпы көлемі 75,5 мың га. жайылымдық жерді Кентау қаласына қосу жолымен шекараны 128,3 мың га. өзгерту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Кентау қаласының көшелерін жарықтандыру және қайта жаңғырту мақсатында жұмыстар атқарылуда. Сметалық құжаттамаға сәйкес, 85 көшеге 1 070 дана жарықшам орнатылды. Қосымша биыл жыл соңына дейін 200 дана жарық бағанасын орнату жоспарланған. Нәтижесінде Кентау қаласының көшелерінің 90%-ы жарықтандырылады. Сондай-ақ шаһарда жалпы ішкі жолдар 268 көшені, яғни 173,5 шақырымды құрайды, оның ішінде, асфальтты 175 көше (77,3%), қиыршық тасты 88 көше (19%) және топырақты 5 көше (3,7%) бар. Биыл Кентау қаласында 46 көше жөндеуден өткізілді. Бұл — облыста ең үздік көрсеткіштің бірі. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Қарнақ ауылының 10 көшесін орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Мемлекеттік жекешелік әріптестік (ГЧП) аясында 2020-2025 жылдары 128 көшені жөндеуден өткізу және күтіп ұстау жұмыстары жоспарланған. Айта кетейік, Кентауда 103 мыңнан аса халық тұрады. Қалаға қарасты 4 ауыл бар.