Арзан бағада өнім ұсынып отыр Түркістан қаласында орналасқан «Эко базар» аумағында әр аптаның жұма-сенбі күндері Түркістан облысының ауыл шарушылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. «Эко базары» аумағына 68 тонна көлемінде облыстағы 4 ауданнан (Созақ, Кентау, Қазығұрт, Сауран аудандарынан) ауыл шаруашылық өнімдері әкелініп, базардағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағада саудалануда. Сонымен қатар жәрмеңкеде Түркістан облыстық тұрақтандыру қоры тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларынан 10 тонна көлемінде күнбағыс майы, сәбіз, құмшекер, тұз, макарон өнімдері тұрғындарға төмендетілген бағамен ұсынылып жатыр. Ала жаздай кетпенін күнге сүйдіріп, бел жазбай еңбек еткен шаруалар еңбектің нәтижесін көріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін төкпей, шашпай жинап алды. Биылғы өнім де молынан салды. Көктемде алма біткенді үсік ұрып кетпей аман қалды. Соның арқасына алма биыл мол салды. Қазығұрт, Кентау диқандары алма, алмұрт, асқабақ, картоп өнімдерін Түркістан жұртына молынан алып келді. Алдағы уақытта ауыл шаруашылық жәрмеңкесі жалғасын табатын болады.