Ара балын экспорттайды Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауыл округінде орналасқан «Пасека Бал» шаруа қожалығының балл өнімдері бүгінде атағы алысқа кеткен. «Пасека-Бал» — шаруа қожалығы ара балын және ара өнімдерін өндірумен айналысады. Өткен жылы аталмыш шаруа қожалығы Қазақстанның органикалық өнім өндірушілер одағының мәліметі бойынша бал өнімдерін экспорттайтындардың төрттігінен орын алған. Төрттіктің ішіне ЖК «Нартай», «Пасека-Бал» шаруа қожалығы, «Бөшке бал» ЖШС және «Пасека» шаруа қожалығы кіреді. Барлық жеткізілімдердің 94 пайызы төрт экспорттаушының үлесіне тиіп отыр. Қазақстан өткен жылы 83 мың 547 келі бал экспорттады, бұл өнімнің жалпы кедендік құны 32,6 миллион теңгені құрады. Экспорттың жалпы көлемінің 82 пайызы немесе 68,5 тоннасы Өзбекстанға жөнелтілді. Сондай-ақ, қазақ балы Моңғолия, Қытай, Сингапур және Жапонияға жеткізілді. Оның ішінде қазығұрттық шаруаның да балы бар. Айта кету керек, Қазақстанда органикалық ара шаруашылығы өнімдерін өндіруге арналған техникалық құжаттама әзірленген. Бұған дейін Ресей мен Қырғызстанның мамандарын тарта отырып, омарташыларды жаппай оқыту ұйымдастырылған болатын. «2019-2020 жылдары Қытайға, АҚШ-қа, БАӘ мен Кипрге бал экспорттау бойынша келісімшарттар аяқталды. Қытайдың мемлекеттік карантиндік инспекциясы Шығыс Қазақстандағы омарта шаруашылығына үш рет тексеріс жүргізіп, органикалық ара шаруашылығы өнімдерінің талаптарына сай келетін шаруашылықтарды іріктеп алды. 2019 жылдың күзінде «ВКШОС» ЖШС базалық фермасы «Пасика» шаруа қожалығы Қытайдың карантиндік инспекциясынан Eco Med ара өнімінің сертификатын алды», — деп хабарлады бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі. Ара өсірушілерді оқыту 2021 жылы да жалғасын тапты. Омартаның органикалық бал өндіруге деген жоғары қызығушылығын түсінуге болады, өйткені ол сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие және қарапайым өнімнен әлдеқайда қымбат тұрады. Бал шаруашылығын өркендетіп отырған шаруа жергілкті жердің өзінде балға деген сұраныс жоғары екендігін айтады. Алдағы уақытта ара басын көбейтіп, шаруашылығын кеңейтуді жоспарлап отыр.