Қажетті құралды шеттен тасымаймыз Бүгінде кәсіптің көзін тапқандар жылыжай шаруашылығының көрігін қыздыруда. Табысы мол, тиімділігі ұшан теңіз сала тер төгіп, еңбектенсе молынан табыс та түсіреді. Әрі жыл он екі ай бойы үзбей табыс та түсіріп тұрады. Осы саланы жандандыруға да үкімет тарапынан мол қолдаулар бар. Жылыжайдың өнімін тұтынғанмен, дәл осы шаруашылыққа да қажетті заттар бұрын шеттен әкелінетін бүгінде ондай қажеттілік болмай қалды. Өйткені жылыжай шаруашылығына қажетті заттар Түркістан облысында шығарылуда. Түркістан облысына қарасты Келес ауданындағы Ораз ата елдімекенінде орналасқан «Келес Пласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестік қайта өңдеу цехында пленка, пресс жіп, жылыжайға арналған қысқыш, көшет өсіруге арналған стакан өнімдерін өндіруде. Жергілікті тұрғын Нұржан Умаров жетекшілік жасайтын кәсіпорында жылыжай шаруашылығына қажетті заттар шығарылып, шаруалар арасында сұранысқа ие болып отыр. Жобаның жалпы құны – 150 миллион теңге. Кәсіпкер өз қаражаты есебінен 127 миллион теңге жұмсаса, ал несие қаражаты есебінен 23 миллион теңге алып, жобаны жүзеге асырған. Кәсіпорын 2018 жылы қолданысқа берілген. Бір қарағанда қарапайым ғана заттар болғанымен жылыжай шаруашылығына нағыз қажетті заттар. Соны да шеттен тасымағанымыз қуантады. Кәсіпкердің қадамын жоғары бағалап, отандық өнімдерді көбейтуді қолдап отырғандардың қатары көп. Жұмыс процесі жолға қойылған. Автоматты түрде жүзеге асырылатын жұмыс барысы аса ауыр да емес. Жергілікті бірнеше тұрғын жұмыспен қамтылған. Бүгінде облыстағы барлық ауданда жылыжай бар. Дәл осы шаруашылықпен айналысатындар аталған серіктестіктің өнімдеріне сұранысты арттырып отыр.