Тұтынушының құқығы бірінші кезекте… Түркістан облысына қарасты Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті мамандарды тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР заңы бойынша тиісті сападағы азық-түлік емес тауарды 14 күннің ішінде қайтаруға немесе айырбастауға болатынын көпшілік анық біледі. Алайда бұл нормаға кез келген уақытта дұрыс түсінік берілмейді. Тұтынушыныкі дұрыс болмайтын жағдайды талқылап көрейік. Мысалы, сіз жаңа аяқ киім сатып алдыңыз, оны күні бойы кигеннен кейін ғана аяғыңызды қажайтынын және тура келмейтінін түсіндіңіз. Сіз сатушыға ақшаны қайтару туралы өтініш жасайсыз, алайда өтінішіңіз қанағаттандырылмайды. Бұл ретте сатушыныкі дұрыс, өйткені «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР заңында егер тиісті сападағы тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат (чек) сақталса, тауар сатып алынған күннен бастап 14 күн ішінде сатушы оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті деп көрсетілген. Сонымен қатар қайтаруға болмайтын тиісті сападағы тауарлар тобының бар екенін де ұмытпаңыз: Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, іш киім, шұлық-ұйық бұйымдары, жануарлар мен өсімдіктер, метрлеп сатылатын тауарлар, ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары.