Қарым-қатынас заңмен реттеледі Тұтынушы өз құқығын білуі тиіс. Сапасыз тауарды қайтарып беру, мерзімі өтіп кеткен тауарды да сатушыға кері қайтару сынды қарапайым ғана ережелерді білуі тиіс. Осы бағытта Түркістан облысының тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Біз күн сайын тауар сатып алып, қызметтерді пайдаланып жүрміз, алайда әрқайсысымыз тұтынушы ретінде құқығымызды біле бермейміз. Олай болса, тұтынушы ретін өзіміздің құқығымызды білейік. Сатып алушының сатушымен (тапсырыс берушімен, дайындаушымен) қарым-қатынасы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңымен реттеледі. Аталған заңның 7-бабына сәйкес тұтынушының: тауарларды (орындалатын жұмысты және көрсетілетін қызметті) сатып алу туралы шарттарды еркін түрде жасасуға; тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ағартуға және тұтынушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде құқықтық сауаттылығын арттыруға; тауар (жұмыс, қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат алуға; қауіпсіз тауарды (жұмысты, қызметті) сатып алуға; тауарды (жұмысты, қызметті) еркін түрде таңдауға; тауардың (жұмыстың, қызметтің) тиісті сапасына; тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастап алуға немесе қайтарып беруге; тауардың (жұмыстың, қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтетуге; сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты алуға; ұтыс түрінде берілген (орындалған, көрсетілген) тауардың (жұмыстың, қызметтің) сапасы бойынша ойындардың бастамашысына (ұйымдастырушысына) шағым ұсынуға; тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін құруға; моральдық зиянды өтетуге; құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар. Осы айтылғандай тұтынушының құқықтары көп, сондай-ақ ол түрлі аспектілерге қатысты. Өзекті мәселелер бойынша, Түркістан облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің сенім телефоны арқылы хабарласып жауап алуға болады.