Кеңес берілді… Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданында бүгінде кәсіпкерлік саласы жақсы дамып келеді. Өз кәсібін ашып, тірлігін дөңгелетуді ойлағандардың дені мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз грант алып, нәпақасын арттырып отыр. Жуырда аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес аудан тұрғындарымен жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдауын өткізген болатын. Осы кездесу барысында да аудан тұрғындары арасында грант алы кәсіп ашқысы келетіндердің қатары көп болды. Тұрғындар негізінен жер мәселесі, жұмыссыздық, қайтарымсыз грант алу, электр энергиясы, ауыз су және балабақша ашу жөнінде талап-тілектерін жеткізді. Қайтарымсыз грант алып дәнекерлеу кәсібінін ашуға көмек сұраған азаматқа арнайы оқып, сертификат берілген соң бизнес жоспар жасап, комиссияда қаралып берілетіні түсіндірілді. Келушілер арасында саз мектебінің ескі жайы жөнінде көтерген мәселесі бойынша қолданыстағы заңға сәйкес аудан әкімдігінің есебіне алу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқандығы, ал балабақша ашу жөніндегі мәселе бойынша жер алуға көмек берілетіні айтылып, заң аясында кеңестер берілді. Е.Шәріпбеков әрбір азаматтың өтінішін жеке жеке тыңдап, электр энергиясы, ауыз су және басқа да әлеуметтік мәселелерді зерделеп орындау үшін жауапты сала басшылары мен ауылдық округі әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді. Аудан әкімдігінің азаматтарды қабылдау бөлмесінде өткен қабылдауға аудан әкімімен бірге, аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім, мекеме басшылары және ауылдық округі әкімдері қатысты.