Ала көктемнен тер төгіп еңбек еткен шаруалар қоңыр күзде егіндерін қамбаға жинап, елге есеп беретін кезге жетті. Толымды еңбегімен толағай табысқа жеткен еңбеккерлер бүгінде ауыл шаруашылығы мамандарының есеп беретін мерекесін тойлауда. Түркістан облысының Келес ауданында «Алтын күз – 2022» ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мерекесі өтті. Мерекелік шараға қатысқан Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев ауыл шаруашылық техникалары қойылған көрмені тамашалап, мереке аясында ұйымдастырылған жәрмеңкені аралап көрді. Жергілікті өнімдерге басымдық берген жәрмеңкеде көпшілік сауда жасап, жергілікті бақша өнімдерін сатып алды. Салтанатты шараға, аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрхан Мережепов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шералы Сарсенұлы, аудан тұрғындары мен қонақтары қатысып, керемет кештің куәсі болды. Ауыл шаруашылығы және өңдеуші өнеркәсіп еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған аудан әкімі Ақментай Үсенұлы сала мамандарының өз ісіне деген адалдығы ең жоғарғы құрмет пен қошеметке лайық екендігін айтты. — Биылғы жылдың 10 айында нақты жалпы өнім көлемі — 63 млрд 587,2 млн.теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,8 % құрады. Оның ішінде 43 млрд 524,0 млн.тг өсімдік шаруашылығына тиесілі болса, ал 20 млрд 063,2 млн.тг мал шаруашылығына тиесілі. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына — 4150,0 млн.тг инвестиция тартылу жоспарланған болса , ал 10 айда 4 598,3 млн.тг инвестиция тартылып жоспар 110 пайызға орындалды. Бұл көрсеткіштерге жетуге ауыл еңбеккерлерінің сіңірген еңбегі орасан зор. Сондықтан да барша аудан тұрғындары мен кәсіпкерлерді «Алтын-күз» мерекесімен құттықтаймын. Аудан қорын ауыл шаруашылық өнімдеріне толтыра беріңіздер, — деді Ақментай Есбаев. Бұл күні еңбегі еленген шаруалар қуанышқа кенеліп, сан саланың үздіктері марапатталды. Іс-шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.