Төлеби ауданындағы туристік аймақтарға баратын автокөлік жолдары жөнделуде. Қазіргі кезде Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен облыстық маңызы бар КХ — 82 «Шымкент – Қасқасу – Көксәйек — Шымкент» автомобиль жолының 36 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме «АлемТрансЖол» ЖШС-гі. Нысан құрылысы 2022 жылы басталған. Былтырғы жылы бөлінген қаржыға 6 шақырым аяқжол салынып, жолдың 2 шақырымына асфальт жабындысы төселді. Облыстық маңызы бар жолдың жөндеу жұмыстары Шымкент қаласының шекарасынан басталып Шомшақты, Зертас, Көксәйек, Қазақстан, Тасарық, Қасқасу, Ұзынарық, Диханкөл елді мекендерін қамтитын болады. Бүгінгі күні, аталған жолға аяқжол салу және жарықтандыру шамдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жолдың біршама учаскісінде ескі асфальт қабатын фрезалау, жарамсыз жол учаскілерінде асфальт жабынын бұзып (киркование) жол негізін қайта қалпына келтіру және екі қабат асфальт жабынын салу жұмыстары атқарылатын болады.