Еліміз табиғатының арқасында балық шаруашылығының айтарлықтай қуатты қорына ие болса, бұл бағытта экспорттық әлеуеті де жоғары. Ал, таулы ауданда орналасқан Төлеби жерінің табиғи су қорының мүмкіндіктері орай, балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Балық өнеркәсібінің негізгі түрлері — балық аулау және оны көбейту, оның өнімдерін өңдеу болып табылады. Тұрғындардың сұранысына орай, ауданда балық шаруашылығына ден қойған кәсіпкерлер саны артуда. Аудан аумағында балық өсірумен 7 кәсіпкер айналысса, оның 2 –і былтырғы жылы кәсібін іске қосты. Кәсіпкерлер шағын бассейн ашып, балық өсіріп, көбейтуді жолға қойған. 2022 жылы елді мекендердің хал жағдайымен танысып, кездесу кезінде Бірінші Мамыр ауылдық округі тұрғыны жеке кәсіпкер Мурадов Навруздың үй іргелік 0,25 га жеріне балық ұстауға арналған бассейн жасап, 3000 дана сазан, 2000 дана карп балықтарын өсіргенінің куәсі болдым. Сондай-ақ, аталған елді мекендегі жеке кәсіпкердің 0,5 га жердегі бассейнге 10000 дана сазан, 5000 дана мөңке балық (карась), 2000 дана карп балықтарын өсіру жұмысымен таныстым. Көксәйек ауылдық округінде орналасқан «Сақ» демалыс аймағының шаруашылығында 3 көлде карп пен форель балықтары өсірілуде. Бұған қоса, келушілер үшін балықты өз қолдарымен аулап, ауланған балығынан ас әзірлеуіне мүмкіндіктер қарастырылған.