Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімдері тоқсан сайын көшпелі кездесу өткізуі тиіс. Аталған Жарлыққа сәйкес Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Бөржар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде бөржарлықтарды толғандыратын негізгі мәселелерге баса назар аудара отырып, ауданды, оның ішінде Бөржар ауылдық округін дамытудың негізгі бағыттарына тоқталды және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірді. Аудан әкімі кездесуге келген бөржарлықтарға “Ауыл аманаты” пилоттық жобасы, “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы, солар арқылы ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыру мақсатында кәсіп бастау үшін 2,5%-бен берілетін несие кімдерге және қандай мақсаттарға берілетіндігі туралы баяндап берді. Тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ, аудан басшысы бөржарлықтарды Шұбар ауылының маңынан іске асырылатын 40 мың басқа арналған мал бордақылау алаңында кәсіп бастауға (мал бордақылау) шақырды. Кездесуде Бөржар ауылдық округіне қарасты ауылдарға ауыз су, газ тарту, жол салу, каналдарды механикалық тазалау, денсаулық сақтау нысандарының құрылысы бойынша атқарылып жатқан және 2023 жылы жүзеге асырылатын жұмыстар да кеңінен баяндалды. Мәселен, Ықылас темір ауылында осы жылы ФАП пайдалануға беріледі. Қайнар, Ұялыжар, Ынтымақ, Теспе, Жамбыл және Бірлік ауылдарында бірқатар көшелер орташа жөндеуден өткізіледі. Тас төселіп, жарықтандырылады. Бірлік ауылын толық газбен қамту жоспарланып отыр. Осы жылы “Ықыластемір” каналы механикалық тазалаудан өткізіледі. Ал, “Алпар» каналының 1 шақырымы демеушілердің есебінен тазаланбақ. Қазіргі таңда Бөржар а/о 75,5% табиғи газбен қамтылса, 2023 жылы көрсеткіш 97,5% жетпек. Аудан әкімінің баяндамасынан кейін кездесу сұрақ-жауап форматына көшіп, тұрғындар тарапынан жайылым жер, денсаулық сақтау, білім беру, жол, ауыз су, интернет мәселелері бойынша сауалдар қойылып, олар бойынша жұмыс жүргізу үшін тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді. Кездесуден кейін аудан әкімі бөржарлық ағаш шеберінің шеберханасында болып, жұмысымен танысты.