Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданы тұрғындарымен кездесуінде аймақта жұмыс орындарын көбейту, кәсіпорындар ашу, индустриалды аймақты дамыту жұмыстарына басымдық берілетінін айтты. Сонымен бірге инфрақұрылымды жақсарту да күн тәртібінен түспейтінін атап өтті. – Ордабасы ауданының өндірістік мүмкіндігі жоғары. Индустриалды аймақтың инфрақұрылымын жақсартып, жұмысын күшейтеміз. Тұрғындар тарапынан көтерілген ауыз су мәселесін тікелей бақылауыма аламын. Біз бірінші кезекте елді сапалы ауыз сумен қамтуымыз керек. Газдандыру мәселесі де бақылауда тұр. Осы бойынша арнайы мәжіліс өткізіп, жұмысты жоспарладық. Табиғи газ жүйесімен қамту үшін 25 елді мекенде 30 газ нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оған бюджеттен қаржы қаралған. Қазіргі уақытта министрліктермен қажетті жұмыстарды атқарудамыз. Жалпы кездесулер мен қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселелер, тұрғындардың өтініштері жұмыс жоспарына енгізіледі. Ол өтініштердің орындалуы, мәселелердің шешілуі бойынша аудан әкімдері мен сала басшыларымен тұрақты кездесіп, талқылаймыз. Жұмыстарды соңына дейін жеткіземіз, – деді Дархан Сатыбалды. Облыс әкімінің айтуынша, аудан тұрғындарымен былтырғы кездесулер нәтижесінде көптеген мәселе шешімін тапқан. 2022 жылы Шұбарсу елді мекеніне арнайы қаржы қаралып, 7581 абонент сапалы электр энергиясымен қамтылды. Биыл бұл жұмыстар жалғасып, қосымша 6 мыңға жуық абонентке сапалы электр энергиясы ұсынылады деп күтіліп отыр. Ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 10 нысанның жұмысы қолға алынған. 2022 жылы Аққойлы және Қарабастау елді мекендеріндегі құрылыс аяқталса, 5 елді мекендегі 8 ауыз су нысанының жұмыстары биыл аяқталмақ. Былтыр Дербес, Ақпан, Жұлдыз, Қарақұм, Елшібек батыр, Шұбарсу, Төрткүл, және Жеңіс елді мекендерінде 3 млрд. 151 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 96,3 шақырымды құрайтын 51 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген. Кездесу барысында тұрғындар ауыз су, газ, жол, жер дауы, мектеп, спорт кешенін салу және өзге де мәселелерді қозғады. Басқарма басшылары мен құқық қорғау органдары жетекшілерінің бірыңғай қабылдауында да тұрғындар басшылармен тікелей жүздесіп, өтініштерін айтты. Облыс әкімі әрбір өтініш бойынша тиісті жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Ордабасы ауданында 2022 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында тиісті қаржы бөлініп, Шұбарсу, Қажымұқан елді мекендерінде 2 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 2023-2025 жылдары аралығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектеп салу жоспарланып отыр. Ауданда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 33,9 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 10,7 млрд. теңгеге артты. Алдағы екі жылда Ордабасыда жалпы құны 103,5 млрд. теңгеге 6 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалар толық іске асырылған жағдайда 900-ден астам жұмыс орын ашылады.