Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінде «Экспо-2017» көрмесіне дайындық қызу жүргізілуде. Оңтүстікқазақстандықтарға Түркия мен Чехия елдерінен профессорлар келіп, туризм саласы бойынша дәріс беруді бастады. Туризм саласы бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің ортасынан ойып тұрып орын алатын түріктер мен чехтардан үйренеріміз көп әрине. «Ontustik Tourism Center» ақпарат орталығы ұйымдастырған семинар-тренингке келген бизнес-тренерлердің арасында Анадолы елінде мейрамханалар мен қонақ үйлер қауымдастығының президенті Бурхан Шенер мен чехиялық ПИАШДИ докторы Иржи Богачек дәріс беруде. Туризм, қонақ үй бизнесі саласынан жүзге жуық оңтүстікқазақстандықтар олардан үш күн бойы тәлім алып, семинар-тренингтерге қатысуға мүмкіндік алып отыр. Студенттер төрт бағыт бойынша оқиды. Олар — гид-бағыттаушы, қонақ үй бизнесі, мейрамхана маркетингі және жарнамалау, туризм менеджменті. Дәріс тегін ұйымдастырылып отыр. Алғашқы күні семинар тыңдаушылары теориялық білім алса, екінші күні дәрістер практикамен ұштастыра жүргізілмек. Төрт бағыт бойынша жүргізілетін сабақтарда қатысушылардың басым бөлігі қонақ үй бизнесінен дәріс тыңдауды таңдап отыр. Бүгінде облыс орталығында қонақ үй бизнесі қарқынды дамып келе жатқаны белгілі. Қаламызда мейрамханадар да көп екенін ескерсек бұл дәріске қатысушылар да аз емес. Туризм саласы өзінің өміршеңдігін дәлелдегелі қашан, сондықтан да білімін жетілдіремін деушілерге барынша тәжірибелік сабақтар көбірек өтілетін болады.