Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленген болатын. Бүгінде осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аталған жоспарға сай ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті 2 есеге арттыру көзделген. Ауыл шаруашылығын көтеруді көздейтін тұжырымдамада саланы көтерудің жан-жақты жоспары нақтыланған. Жоспар нақты жүзеге асқан жағдайда ауыл шаруашылығының драйвері атанған облысымыз үшін жемісті болмақ. Бүгінде ауыл шаруашылығын дамыту, суармалы жерді тиімді пайдалану бағытында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Ақбура бұлақ көзіне қосымша ауыз су қоймасының құрылысы жүргізілуде. Бұл өз кезегінде су ресурстарын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Қазығұрт ауданында былтыр негізгі капиталға бағытталған инвестиция 23,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,7 млрд. теңгеге артты. Аудан әкіміне 2023 жылы бұл көрсеткішті арттыру міндеті жүктелді. Ауданда жұмыспен қамту картасы бекітіліп, былтыр 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылса, «Еңбек» бағыты бойынша 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Бүгінде ұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Аудан әкімдері бюджет қаражатына ғана сенім артпай, инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру бағытында ізденісте. Еңбек және Атбұлақ елді мекеніндегі бірнеше көше тұрғындарын газбен қамтамасыз етуге 86,8 млн. теңге қаралып, пайдалануға берілді. Биыл Шанақ және Ақжар елді мекенін газдандыруға қаржы бөлінді. 62 елді мекеннің 61-і электр жүйесімен қамтылған. 2022 жылы 12 елді мекенге қаржы бөлініп, сапалы электрмен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталды. 2023 жылы 10 елді мекенде электр қуаты жетіспейтін көшелерді қуаты жоғары электрмен қамтамасыз ету құрылысына 407,4 млн. теңге қаралған. Аудан бойынша ауыз сумен қамтылған елді мекендер 59-ға жетіп, қамту көрсеткіші 95,1 пайызды құрады. Айнатас елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысына 276,0 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстары жүргізілуде. Қызыл дихан елді мекеніндегі ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары да қолға алынған.