Ауданда агроөнеркәсіптік кешен саласын қолдау мақсатында ауқымды шаралар қолға алынған Түркістан облысына қарасты Шардара ауданындағы ауыл округтерінде ауданда агроөнеркәсіптік кешен саласын қолдау мақсатында ауқымды шаралар қолға алынған. Ауыл шаруашылығы жақсы дамыған ауданда бүгінде кетпенін күнге сүйдірген шаруақор дихандар қыстың қамын жазда ойлап еңбекке кіріскен. Жер тырмалап, бір алқаптан екі-үш рет өнім алудың қамында жүр. Облыс экономикасын өркендетуге қомақты үлес қосып отырған ауданда бүгінде көктемгі егіс жұмыстары қарқын алған. Аудан әкімімен бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, тиісті сала мамандарынан құрылған жұмысшы топпен барлық ауылдық округтерді қамти отырып көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыруға байланысты, атқарылатын жұмыстар мен мемлекет тарапынан бөлінетін қолдаулар және несиелік жеңілдіктерді түсіндіру, сонымен қатар 2023 жылға мал шаруашылығына қарастырылған субсидиялар мен ветеринария саласындағы шаралар оның ішінде ИСЖ базасымен жұмыс жасау, ваннаға малды тоғыту жайлы ауыл тұрғындары мен шаруалар және АӨК төрағаларымен жиындар өткізілуде. Жиындарға жұмысшы топ құрамына енгізілген Шардара ауданы әкімінің орынбасары А.Таженов, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, кәсіпкерлік бөлімдері, ветеринария саласының мамандары, ауыл округінің әкімдері мен салаға жауапты мамандары, «Казсушар» РМК ТФ Шардара өндірістік бөлімшесінің өкілдері, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Н.Майханов, «Ырыс» МҚҰ аудандағы өкілі әрі үйлестірушісі А.Тлеубаев қатысып отырды. Жиындарды аудан әкімінің орынбасары А.Таженов жүргізе отырып, жалпылама әр салаға қысқаша тоқталып өтті. Одан соң сала мамандары өз салалары бойынша түсіндіріп қойылған сұрақтарға жауап берді. Жиында ауыл шаруашылығы мәселелері: минералды тыңайтқыштарды субсидиялау мәселесі мен жеңілдетілген жанар-жағармай жөнінде, көктемгі дала жұмыстарын атқаруға бөлінген несиелік қаржылар, 35 жасқа дейінгі жастарды 2,5 пайыздық жұмыспен қамту кәсіпкерлік бағдарламасы, «Ауыл ел аманаты» пилоттық жобасының ауданда іске асырылуы барысы, ауданда жаңадан ашылатын крахмал-сірне (жүгеріні терең өңдеу) зауытын қажетті шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгері егу мәселесі, ағынсу, ортақ жайылым, ветеринариялық шаралар және т.б. мәселелер көтеріліп, тиісті жауаптар берілді.