Жерге қатысты мәселенің мән-жайы талқыланды Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданындағы Дарбаза ауылдық округіне қарасты Тасқұдық, Құрсай, Сарысу елді мекендеріндегі жер иеленушілерге жалға берілген тәлімі егістік жерлерге көктемгі дала жұмыстарын жүргізу барысында ауыл тұрғындары жер жырту жұмыстарына кедергі келтіріп, жер жырту жұмыстарын тоқтатқан болатын. Осыған орай бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев өзекті мәселеге айналған жайылым жер мәселесі бойынша орын алған жағдайды бақылауға алу үшін Дарбаза ауылдық округіне арнайы барып, ауыл тұрғындары және жер иелерімен кездесіп, мәселенің мән-жайын талқылады. Кездесуге аудан прокуроры Н.Алдабергенов, аудандық полиция бөлімі басшысы А.Бурханов, облыстық жер инспекциясының өкілі, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Кукеев қатысты. Аудан басшысы ауыл тұрғындарының шағымдары бойынша жер иеленушілеріне шығарылған қаулылар бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде барлығы заңға сәйкес екенін айтып өтті. — Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарына жайылым жер жетіспейді. Өкінішке орай, бұл ең өзекті мәселеге айналған. Бұл мәселені облыс инспекциясымен біргелікте шешу жолдары қарастырылуда. Жайылым жер тапшы болғанымен мен сіздерге біреудің жерін заңсыз тартып алып бере алмаймын,-деді аудан әкімі. Сонымен қатар, ауыл маңындағы жерлерді жер иелерімен меморандум түзу арқылы егін егу маусымына дейін жайылымға беру, жер иеленушілер тарапынан жергілікті тұрғындарға қолдау көрсету мәселелері де сөз болды.