Ағын суды жеткізу мәселесі шешімін таппақ Түркістан облысына қарасты Келес ауданының шаруалары бүгінде елде жоқ ерекше өнімдерді өсіріп, шетелге экспоттауда. Асхана асқабағы яғни (кабачки) өсіруде. Одан басқа да көкөністерді, жемістерді өсіріп, сатуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің молынан салуы үшін әрине құнарлы жер мен ағынды су қажет. Аудан шаруалары ағын суды жеткізу мәселесін жиі көтеріп жүр. Жуырда ғана Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев кезекті рет аудан тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға 10-ға жуық адам келіп, өздерін толғандырған мәселелермен бөлісті. Жеке қабылдауға келген тұрғындар аудан әкіміне ұсыныс-тiлектерiн жеткізіп, мәселелерiнiң оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады. Қабылдауға келген азаматтар негізінен ауыл шаруашылығы және басқа да әлеуметтік мәселелерді көтерді. Мәселен, Ұшқын ауылдық округінің тұрғыны Сайёра Арингазиева өз егін егетін аумағындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге ағын суды жеткізу мәселесін көтерді. Өз кезегінде аудан басшысы аудан аумағына келетін ағын судың 80 пайызы көрші Өзбекстан Республикасынан келетінін, вегетациялық кезеңде кезекпен су алу бойынша келіссөздер жүргізілуде екенін мәлімдеп, келетін суды егіннің басына кедергісіз жеткізу мақсатында биыл жалпы 75 канал мен қашыртқылар тазалануы жоспарлануда екенінін айтты. Тұрғын көтерген мәселені назарда ұстайтынын, шешілуі бағытында жұмыс жоспарына сәйкес қажетті шаралар қабылданатытын атап өтті. Сонымен қатар, Біртілек ауылдық округінің тұрғыны Қыдырәлі Рүстемов Тартулы каналын тазалау мәселесін көтерді. Канал таза болса, ағын судан мәселе болмайтыны белгілі. Қыстай күл қоқысқа толып қалған каналдарды көктемде тазарту жұмыстары ұдайы жүргізіліп отырады. Бұдан бөлек, Біртілек елді мекеніне мектеп салу мәселесін көтеріп, шешіп беруін сұрады. Тұрғын мәселесін жіті тыңдаған аудан әкімі биыл Біртілек елді мекенінен «Жайлы мектеп» бағдарламасы шеңберінде жаңа оқу ғимаратының құрылысы басталатынын жеткізді. Ал Тартулы каналын тазалаудан өткізу бойынша облыстық салалық басқармаға сұраныс жіберілген айтып жеткізді. Айта кетейік, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан тұрғындарын қабылдап, мәселелерін шешуге баса мән беруде.