Бүгінгі күні Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндет көп. Соның бірі – ауылшаруашылық өндірісін дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық–түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осы саладағы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру. Елімізде ауылшаруашылығын дамыту үшін табиғи, адам ресурстары жеткілікті. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының жаңа драйверіне айналады. Ол үшін біздің мемлекетте барлық потенциал бар. Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жобалардың сәтті жүзеге асырылуының нәтижесінде бір алқаптан 2-3 өнім алу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Жылыжайдың жұмысын жандандырып, табысын арттырып отырған шаруа қожалықтарының бірі Ж.Ералиев ауылдық округінде орналасқан «Болыс» шаруа қожалығы. Қожалық төрағасы Бахадыр Болысов пай үлесіне тиген 70 сотоқ жерінің 30 сотоғына қауын, 25 сотоғына болгар бұрышы мен баклажан, ал, қалған 5 сотоғына «Арзу» сортты қияр еккен. Күніне 120 келіге дейін қияр жинап, 500 теңгеден көтерме бағада сатуда. Қыста 100 мың түп баклажан мен 50 мың түп болгар бұрышының көшеттерін өндіріп сатқан шаруа «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық несие алып, кәсібін кеңейтпек. «Бұған дейін тек көшет өндірумен ғана айналысып, жылыжайды тиімді пайдалана алмаған екенмін. Соңғы 8 жылда жылына 2 өнім алуды қолға алдым. Қысымен көшет баптап, ерте көктемде сатамын. Кейін қияр, қызанақ, болгар бұрышы немесе баклажан егемін. Осылайша отбасылық ісімізді дөңгелетіп, табыс тауып отырмыз» дейді Бахадыр Болысов.