Бүгінде ауыл шаруашылығы дәстүрлі сала деңгейінде қалып қоймай, инновациялық шешімдер мен бұрындары көптеген өндірістік міндеттерді шешу үшін қолданылмаған әзірлемелерге қажетті жаңа нарықтарды құра алатын жоғары технологиялық салаға айналуда. Соның арқасында ауыл шаруашылғы өнімдерінің өнімділігі артып келеді. Түркістан облысында ауыл шаруашылығы жақсы дамығаны белгілі. Жыл сайын көкөніс, жеміс жидек өндіруде алдыңғы қатардан көрінетін Сарыағаш ауданында бүгінде дала жұмыстары қызу жүргізілуде. Ағын су, зиянкестерден қорғау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Аудан аумағындағы жайылымдық жерлердегі шегіртке зиянкестерінің таралуының алдын алу мақсатында химиялық күрес шаралары басталды. Осыған орай аудан әкімі Дарбаза ауылдық округі, Ердәуіт елді мекеніне арнайы барып, шегірткеге қарсы дәрілеу жұмыстарының барысымен танысты. Ең басты мақсат – шегіртке ошақтарын тез арада залалсыздандырып, зиянкестердің кең етек алып кетпеуіне тосқауыл қою. Ауданға қарасты жайылымдық және егістік жерлерді шегірткеден аман алып қалу. Осы тұрғыда облыс әкімінің өкімімен облыс аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында штаб құрылған болатын. Бүгінгі таңда аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары, фитосанитариялық іс-шаралар Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауылдық округтерінде жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда Дарбаза ауылдық округінің Дарбаза, Бесқұдық, Ердәуіт елді мекендеріндегі жалпы 100 га аумақты дәрілеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған фитосанитариялық іс-шаралардың тиімді жүргізу мақсатында 4 техника, 12 адам жұмылдырылған.