Түркістан облысына қарасты Келес ауданының шаруалары бүгінде көктемгі егіс жұмыстарының қамымен, егістікте жүр. Жыл бойғы азық боларлық өнімдерді егіп, күтіп баптау қамымен жүр. Келес ауданына қарасты Жүзімдік ауылдық округіндегі «Серік» шаруа қожалығы бір жерден үш өнім алып отыр. Атап айтқанда, қожалық биыл картоп, шалғам, қызылша ексе, үшінші өнім ретінде күздік қырыққабат отырғызады. Қожалық бүгін алғашқы өнім ретінде 25 соттық жерге орналасқан шалғам көкөнісін жұлып бастады. Шалғам өткен жылы желтоқсан айында отырғызылған. Қожалық екінші өнімге картоп пен қызылша аламыз деп отыр. Ал үшінші өнімге күздік қырыққабат егуді жоспарлауда. Айта кетейік, Келес ауданы — ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорттық әлеуеті жоғары шекаралық аумақ. Аудан тұрғындарының басты тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі — 70,4 млрд.тг құраған. Егін шаруашылығы бойынша егіс көлемі 26,3 мың гектарды құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,8 мың гектарға артқан болса, көкөніс, картоп және бақша дақылдарынан жалпы 535,6 мың тоннаға өсіп, шаруалар мол өнім алуға қол жеткізген. Ауданда алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 рет өнім алу бойынша 325 жоба немесе 1 502 гектарды құрайтын егістік алқаптарға егін егіліп, 89,3 мың тонна бақша және көкөніс өнімдері өндірілген.