Түркістан облысына қарасты Отырар ауданында мал шаруашылығы жақсы дамыған. Төрт түлікті өсіріп, бағуға табиғаты қолайлы ауданда бүгінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың қатары артып келеді. Былтырғы жылдың қорытындысымен Отырар ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 18,8 миллиард теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 4 миллиард теңгеге артты. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 25 миллиард теңгеге жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 8 миллиард теңгеге артқан. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр 35,5 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осы жылдың көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан ауданға төмендетілген бағамен 2 мың тоннаға жуық дизель отыны бөлінді. Балтакөл, Қарғалы ауыл округтерінде биыл «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып, жеңілдетілген несиелер берілмек. Шаруаға епсекті аудан тұрғындары мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктердің игілігін көріп отыр. Қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие алған аудан тұрғындары бүгінде кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Бір мал шаруашылығымен, бірі балық шаруашылығымен айналысуда. Туризм саласында қызмет көрсету кәсібін бастағандардың қарасы көп. Негізінде Отырар ауданының туристік әлеуеті өте жоғары. Қасиетті Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы және өзге де тарихи орындар саяхатшыларды қызықтырады. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек. Әсіресе, инвестиция тарту, кәсіпорындарды көбейту жұмыстарын күшейту маңызды. Алдағы екі жылда ауданда 16 млрд. теңгеге 9 инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Оның ішінде «Arm Wind» серіктестігінің қуаттылығы тәулігіне 50 мВт-ты құрайтын күн электр станциясы салынып жатыр. Балық шаруашылығына қажетті құрама жем шығару жобасы да маңызды. Жоба құны – 1,2 млрд. теңге. Сонымен бірге құны 1,1 млрд. теңгелік «Ontustik Altair» 400 ірі қара малға арналған сүт фермасы және жем шығару цехы да іске қосылады деген жоспар бар. Ауданды дамыту жұмыстары жалғасады. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мәселесі де басты назарда. Шәуілдірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орынды жаңа мектептің кұрылысы жоспарлануда. Талапты ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияны салуға қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Маяқұм, Отырар, Аққұм, Сарыкөл елді мекендерінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 70 млн. теңге қаралды. Табиғи газ жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында Қарғалы, Арыс, Шойманов, Көкмардан, Шытты, Сырдария, Сарыкөл елді мекендерін газдандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2023 жылы Ақтөбе, Ақкөл, Арыс, Отырар, Көксарай, Қоғам, Ынталы, Көкмардан елді мекендерінде 14 көшені орташа жөндеу жұмыстарына 518 млн. теңге бөлінген. Ауданның инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.