Түркістан облысындағы «Тұран су» мекемесі су нысандарын күтіп ұстауға реттеуге, механикалық тазалауға қажетті заманауи, жалпы құны 1 миллиард теңге болатын 17 техникамен қамтылды. Сатып алынған техникалар облыстың су және ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша серпін береді деп күтілуде. Ұлыбритания мен Жапонияның «JCB»,«HITACHI» компанияларының 10 шынжыр табанды және 2 дөңгелекті, заманауи эксковаторын мамандар жоғары бағалап отыр. Оған қоса бульдозер және өзге де техникалар ел игілігіне қызмет етпек. Ордабасы ауданындағы аталған мекеменің өндірістік-техникалық базасында өткен жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып қайтты. – Өздеріңізге белгілі, әлемде су тапшылығы мәселесінің өзектілігі жыл өткен сайын артуда. Сондықтан әр тамшы суды үнемдеуді үйренейік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін қамтамасыз ету — стратегиялық маңызы бар міндет екендігін атап өтіп, Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатқандығын, осы тұста су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аударуды тапсырды. Бұл мақсатта Түркістан облысында жұмыстар атқарылуда. Түркістан өңірінде орташа есеппен жыл сайын 210 миллион текше метр ағын су тапшылығы орын алған болатын. Осы мәселені шешу үшін, облыста бір қатар су нысандарының құрылыстары басталып, 2 ірі су нысандары пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Боралдай», «Бәйдібек ата» су қоймаларын салу жобалары әзірленуде. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етілетін болады, – деген Дархан Сатыбалды облыстағы су шаруашылығының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтарды марапаттап, құрмет көрсетті. Облыс әкімі өз сөзінде «Тұран су» кәсіпорны аудан, қала әкімдерімен бірлесіп, халықтың сұранысы негізінде каналдар мен қашыртқылардың тазалау көлемін арттырып, ағын сумен қамтамасыз ету шараларын жандандыруды тапсырды. Облыста 552 мың гектар суармалы жер бар, Республикалық көрсеткіштің 4/1 бөлігі. Өңірде су нысандарының құрылыстары басталып, 2 ірі су нысаны пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта облыстық коммуналдық меншікте 17 су қойма, 3 су торабы, 3 магистральды канал және 107 ішкі шаруааралық канал бар. Оларды күтіп-ұстау қызметін «Тұран су» кәсіпорны атқаруда. Механикалық тазарту арқылы су арналары ашылып, ағын су жеткізу сапасы артады. Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен бірге бұл төтенше жағдайлардың алдын алу шараларының бірі. Түркістан облысында сыйымдылығы 18 млн. текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, нәтижесінде, жылына қосымша 34 млн. текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік ашылды. «Түркістан» магистралды каналының 59 шақырымын бетондау арқылы жылына 60 млн. текше метр ағын суды үнемдеуге қол жеткізілді. Сонымен қатар «Боралдай», «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жобалары әзірленуде.