Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма салынбақ Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бар да, оны сақтау мәселесі де күн тәртібінде тұр. Ала жаздай бел жазбай тер төккен дихандардың еңбегі сақтау қоймаларының арқасында сатылымға шығады. Бүгінде Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Осыған орай алдағы уақытта сақтау қоймаларын көбейту мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Түркістан облысы, Келес ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма салынады деп жоспарлануда. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың мәлімдеуінше, жалпы құны 650 миллион теңгені құрайтын бұл жоба жеке кәсіпкер Нұржан Умаровтың бастамасымен қолға алынуда. Егер жоба нақтыланатын болса, 40-қа жуық адам жұмыспен қамтылады. Сыйымдылығы шамамен 1000 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда бастаманы жүзеге асыру бойынша тиісті шаралар жүргізілуде. Биыл ауданда ет өңдеу және шұжық өнімдерін өндіру зауытының құрылысы басталады. Келес ауданында өндірілген өнімнің жалпы көлемі 107,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22,2 млрд. теңгеге артқан. Кәсіпкерлік саласы бойынша былтыр жалпы құны 70 млн. теңгені құрайтын екі жоба іске асқан. Сондай-ақ барлығы 17,6 млрд. теңге инвестиция тартылған. Келес ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті жоғары шекаралық аумақ ретінде танылған. Аудан тұрғындарының басты тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Өткен жылы осы салада өндірілген өнім көлемі 70,4 миллиард теңгені құрады. Егін шаруашылығы бойынша егіс көлемі 26,3 мың гектарға кеңейтіліп, 1,8 мың гектарға артты. Биыл ауданыда инфрақұрылым жүйелерін жаңартуға басымдық бере отырып, бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ. Биыл Қошқарата ауылдық округіндегі тоғыз ауылға табиғи газ берілсе, тағы қосымша 12 елді мекенді газбен қамту мақсатында тиісті жұмыстар басталады. Сонымен қатар «КХ-94 Бекбота-Ащыкөл» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 6 шақырымына орта жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 88,57 пайызға жеткізу жоспарлануда.