Түркістан облысындағы Сайрам ауданын жылыжайлардың отаны деуге болады. Мұнда түрлі көкөніс өсіретін жылыжайлардың қатары көп. оның үстіне жыл жылжыған сайын жылыжай кәсібін бастауға ниет етушілер қатары да артып келеді. Көкөністің жаңа сұрыптарын алдырып, жаңа заманауи технологиямен жұмыс істеуге ден қойған шаруашылықтар қатары көп. Соңғы әлетте ауданда, жаңа технологиямен жабдықталған өнеркәсіптік жылыжайлардың саны артуда. Өнеркәсіптік жылыжайлардың фермерлік шаруашылықтағы топыраққа негізделген жылыжайлардан айырмашылығы да, артықшылығы да көп. Инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылған, өндірістік жылыжайлар голландиялық технологиямен салынған. Мамандар қара суығы қақаған қаңтар айында көшет отырғызуды бастайды. Одан кейін наурыздан қара күзге дейін өнім жинайды. Шаруалар жылыжайдың әр гектарынан мыңдаған тоннадан өнім алуды көздеп отыр. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, Сайрам ауданында көлемі 60 гектарды құрайтын 110 жылыжай бар. Оның 32 гектары — өндірістік жылыжай. Биыл олардан 14 мың тонна көкөніс өндірілген. Негізгі өнім еліміздің солтүстік облыстары мен Ресейге экспортталады. Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданында 11 гектар жерді қамтитын, облыстағы ең ірі жылыжай кешені бар. Бұл жылыжай өнімдері еліміздің барлық аумағында және Ресей еліне экспорттауға бағытталған. Мұнда көгілдір отын, су, электр жарығы сияқты коммуналдық қызметтердің барлығы да қолжетімді. Қолы епсекті, тірлігі пысық шаруалар, қыс мезгілінде газ қысымы төмендеп немесе мүлдем өшіп қалған жағдайда баламалы дизельді жылыту жүйелерін іске қосып, жұмысты жалғастыруға мүмкіндік жасап қойған. «ЭкоИнвест» жылыжай кешенінің жалпы аумағы 21 гектарды құрайды, қазіргі таңда 11 гектар жерді қамтып, оның 5 гектар жеріне қызанақ, 6 гектар жерінде қияр өсуде. Алдағы жылы қалған 10 гектар жылыжай құрылысы аяқталып, іске қосылмақ. Мұнда қызанақтың 7, ал қиярдың 2 түрлі сорты өсірілуде. Олардың барлығының да сатылымы жоғары. Сақтауға да төзімді. Негізінен мұнда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Жылыжайда 200-ге жуық жұмысшы жұмыс істейді. Еңбекақылары да жоғары. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған.